Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 25 ақпанынан өз жұмысын бастады. 2017 жылдың қараша айында мектеп Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) халықаралық аккредитациясынан өтіп, Халықаралық аккредиттелген мектеп мәртебесін алды. CIS мүшесі бола отырып, білім ордасы мектеп өмірі мен оқу процесін ұйымдастырудың халықаралық стандарттарына сәйкестігін растады.

2021-2022 оқу жылында мектептегі жалпы оқушылар саны 780 оқушыны құрайды. 2015-2021 жылдар аралығындағы түлектер саны – 649. Оның ішінде 208 түлек – Назарбаев Университетінде, 80 түлек - шетелдік университеттерде білім алуда (Түркия, Ресей, Қытай, АҚШ, Англия, Германия, Венгрия, Литва, Италия, Оңтүстік Корея, Польша, Малайзия, Канада, Чехия, Катар, Сингапур).

Зияткерлік мектептің негізгі миссиясы - жүрек пен ақыл-ойды тең ұстап, әлемді жақсарта түсуді үйрену.

Мектептің ашылған күнінен осы уақыт аралығында мектеп оқушылары бірнеше республикалық, халықаралық жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздары атанып үлгерді. Атап айтар болсақ, 31 оқушы халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарында, 132 оқушы – республикалық және 145 облыстық жарыстарында жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мектептің 19 мұғалімі және 10 оқушы зияткерлік меншік құқығын алып үлгерді.

Мектептің жалпы ауданы 20 000-ға жуық шаршы метрді құрайды. 6 гектар жер аумағында мектептің бау-бақшасы орналасқан. Мектепте оқушыларды тәулік бойы үш мезгілде тамақтандыруға арналған 360 орындық мектеп асханасы жұмыс істейді.

Мектеп ғимараты 3 қабатты 6 бөліктен (блок) бөлінген, сондай-ақ ғимаратта оқу, лабараториялық және тілдер кабинеттері, жатын бөлмелері т.б. бар. Шалғай облыс, аудандардан келген оқушыларға арналған 132 орындық жатақхана қарастырылған. Жатақхана ғимараты 3 қабаттан тұрады. Оған қоса, жатақхананың төменгі қабатында кір жуу бөлмелері орналасқан. Барлық жатын бөлмелер санитарлық-гигиеналық талаптарға сай санитарлық техникамен және эстетикалық талғамға сай жиһаздармен жабдықталған. Әр оқушыға сабақ оқу орындары қарастырылған. Жатын бөлмелерден басқа тағы, оқушылар өз киімдерін тазалап, үтіктеу үшін арналған тұрмыстық бөлмелер де бар. Жатақхана оқушыларына 5 мезгіл тамақ беріледі. 2021-2022 оқу жылында жатақханада Елбасының «Өркен» грантына сәйкес 132 оқушы тұрады, оның 60-ы қыз бала, 72-і ұл бала.


Оқу кабинеттерінің саны 61, оның ішінде: 20 тіл, 13 химия-биология, 11 математика, 6 физика, нанотехнология және биотехнология, робототехника, информатика, география, тарих, экономика кабинеттері бар. Барлық кабинеттер интербелсенді тақталармен, ноутбук-компьютерлерімен жабдықталған. Сонымен қатар, оқушылардың бейімділігін арттыру мақсатында жеке оқу кабинеттері, техникалық модельдеу, өнер технологиясы, психологиялық кабинет, ақпараттық технологиялар және ұстаздарға педагогикалық бірігу орталықтары мен лекция залдары қарастырылған.

Жас ізденушілерге зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін кеңейтілген лабораториялық физика, химия, биология, нанотехнология, робототехника кабинеттері құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зияткер мектеп білімі саналы түрде таңдау жасап, өз бетінше шешім қабылдай алатын және қоғамдық өмірге жауапкершілікпен қатысуға ынталы тұлғаның қызығушылықтарына бейімделуімен ерекшеленеді. Ұстаздар мен жас ізденушілер Қазақстанның, Ресейдің, Ұлыбританияның, Америка құрама штаттарының, Германияның алдыңғы қатарлы құрал-жабдық жасаушы әлемдік брендтегі PASCO, PHIWE компанияларыларының мамандарымен тығыз жұмыс жасайды, жаңа құрал-жабдықтармен біргелікте өз тәжірибелерін бөліседі.

Мәдени іс-шараларды өткізу үшін кеңейтілген әмбебап 360 орындық мәжіліс залы бар. Бұл мәжіліс залының ерекшелігі көрермендер орындықтары жиналған жағдайда зал кәсіби хореографиялық би алаңына айналады.

Назарбаев Зияткерлік мектеп кітапханасы Шымкент қаласындағы мектептерге алтын қоры бола алады. Себебі мұнда оқу-әдістемелік нұсқаулықтар, классикалық және отандық көркем әдеби шығармалардың, үлкен қоры бар. Сонымен қатар, кітапхана зерттеу ісімен шұғылданатын, мәліметтерді талдап түйіндейтін оқушылардың ақпараттық орталығы болып табылады.

Спорттық үйірмелер мен дене шынықтыру сабақтарын жүргізу үшін үлкен және кіші спорт залы, тренажерлық жаттығу залы, футбол, баскетбол, волейбол ойын алаңдары бар. Бұл алаңдарда әр түрлі спорттық жарыстар мен сайыстар, қалалық біріншіліктер өткізілуде.

Сонымен қатар, оқушылар техникалық, әскери, экология және туризм, тілдік, пәндік, сондай-ақ, зияткерлік, көркем-эстетикалық қосымша бағытындағы оқу үйірмелеріне қатыса алады.

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Шымкент қаласы аумағындағы өз мамандығының шеберлері, білікті педагогикалық кадрлар конкурстық негізде іріктеліп алынған. Білім ордасында 2022 жылы 281 маман жұмыс істеуде. Оның ішінде педагог кадрлар (мұғалімдер, кураторлар, тәрбиешілер) – 182, ал пән мұғалімдері – 127. Оның ішінде стажер деңгейінде – 8, мұғалім деңгейінде – 34, модератор деңгейі – 73, эксперт деңгейінде – 24 мұғалім. Сонымен қатар 78 магистр, 4 PhD кандидаты, 42 сертификатталған жаттықтырушы және 2 PhD иегері бар. Қазіргі таңда 3 қызметкер Болашақ бағдарламасы бойынша білім алуда. Оған қоса мектепке химия, биология, физика, информатика пәндері бойынша 6 жетекші шет елдік (Ұлыбритания, Кения, Индия, ЮАР) мамандар шақырылып, сабақтар өтуде.


Мекен-жайымыз: Шымкент қаласы, Нұрсәт м/а, 1-А.

Телефон: 8 (7252) 77-55-34, 8 (7252) 77-55-32

E-mail: info@hbsh.nis.edu.kz

Веб-сайт: hbsh.nis.edu.kz