Шаңырақ
«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы
Қазақ халқының ұлттық мәдениетінде «Шаңырақтың» мәні зор. Ол – ошақтың, ұрпақтың нышаны, сондықтан қазіргі Қазақстанның Елтаңбасында шаңырақтың бейнеленуі кездейсоқ емес. Шаңырақ ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулет мұрасы, әке үйі «Қара шаңырақты» ұлдары киелі мекен ретінде қастерлеген.
Шаңырақ – бірлік пен бақыттың нышаны. «Шаңырақ» қауымдастығын Назарбаев Зияткерлік мектептерінде іске асырудың негізгі идеясы әр жастағы оқушылардың өзара ынтымақтастығы, кішіге қамқорлығы.
– Шаңырақ қауымдастығында әр түрлі жастағы екі сынып біріктіріледі (12 және 9, 11 және 8, 10 және 7);
– Әрбір Шаңырақ қауымдастығының өзіне тән белгілері – эмблемасы, ұраны болады. Оларды куратор үйлестіреді:
– Жыл бойында қауымдастықтар арасында түрлі жарыстар (спорттық, интеллектуалдық, мәдени) ұйымдастырылып, қатысқаны және жеңіске жеткендері үшін ұпайлар жинақталады;
– Жыл қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған «Шаңырақ» қауымдастығына «Өркен кубогы» мен «Туған елге тағзым» зерттеу-өлкетану экспедициясына жолдама беріледі;
Шаңырақтардың қызметі сыныптардың біртұтас ұжымын құруға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, сыйластық, қамқорлық, сенім, ұйымшылдық, жауапкершілік қарым-қатынастарын қалыптастыруға, эмоционалды мәселелерді шешуге ықпал етеді.
Оқушылар қауымдастығын ұйымдастырудың негізгі формасы ретінде Шаңырақтар мектептегі барлық іс-шараларға: қоғамдық шараларға, шығармашылық байқауларға, фестивальдерге, спорттық жарыстарға, ашық есік күндеріне, экскурсияларға, қайырымдылық жәрмеңкелеріне қатысады.
Шаңырақ көшбасшылары үнемі таңғы жиындар мен «Шаңырақ сағаттарын» өткізеді. Оқушылар ыңғайлы ортада пікір алмасып, бірлескен жобаларды талқылап, коммуникативті дағдыларды қалыптастырып, тренингтер өткізеді, алдағы іс-шараларды жоспарлайды.
Шаңырақ жұмысының сәтті ұйымдастырылуы – «1+1» формуласы бойынша тәлімгерліктің жүргізілуінде. Барлық 7-8 сынып оқушыларына Шаңырақтың жоғарғы сынып оқушылары тәлімгерлік жасап, қолдау көрсетеді.
Шаңырақтар қызметіне тәлімгерлікті енгізу мектеп оқушыларының жас аралық қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын, қамқорлық, бір-біріне қолдау көрсетуді дамытуға ықпал етеді.