Наурыз кездесулері
Наурыз кездесулері
Наурыз кездесулері – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының жалпы білім беретін мектептер мен Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының зерттеу қабілеттерін дамыту, оларды ғылымға тарту және білімін тереңдету мақсатында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі іс-шарасы.
Наурыз кездесулері 2011 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді және сол уақыттан бері бұл іс-шара еліміздің барлық аймақтарынан ғылымға қызығушылығы бар оқушыларды және жас өнертапқыштарды біріктіретін платформаға айналды. 2011-2022 жж. аралығында аталған іс-шараға 1400-ге жуық жалпы білім беретін мектептер мен Назарбаев Зияткерлік мектептердің оқушылары қатысты.
Наурыз кездесулері төмендегідей тақырыптарда өткізілді:
2011 ж. - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Математика мен физика» тақырыбындағы бірінші Наурыз кездесулері;
2012 ж. - «Биология және химия» тақырыбындағы II Наурыз кездесулері;
2013 ж. - «Ақпараттық технологиялар» тақырыбындағы III Наурыз кездесулері;
2014 ж. - «Инженерия» тақырыбындағы IV Наурыз кездесулері;
2015 ж. - «Ғылымның ғажайып әлемі» тақырыбындағы V Наурыз кездесулері;
2016 ж. - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ғылым. Технология. Инжиниринг. Математика» тақырыбындағы VI Наурыз кездесулері;
2017 ж. - «Ғылымның шексіз сырлары» тақырыбындағы VII Наурыз кездесулері;
2018 ж. - «Астана болашақтың қаласы: елорда архитектурасы, 20 жыл» тақырыбындағы VIII Наурыз кездесулері;
2019 ж. - «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына арналған «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбындағы IХ Наурыз кездесулері;
2021 г. – «Планета және Пластик: адамзат экомәдениеті» тақырыбындағыХ Наурыз кездесулері
2022 г. «Жасанды интеллект және мехатроника» тақырыбындағыХI Наурыз кездесулері
Наурыз кездесулерінің аясында жыл сайын төмендегідей іс-шаралар өткізіледі:
- оқушылардың ғылымның түрлі бағыттары бойынша теориялық білімдерін эетілдіретін қазақстандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми-танымал дәрістері;
- оқушылардың тәжірибелік қабілеттерін дамытуға бағытталған шеберлік сағаттары;
- іс-шараның тақырыбына сай әзірленген оқушылардың ғылыми жобаларының сайысы;
- Қаланың/еліміздің мәдени, тарихи және жоғары технологиялық нысандарына экскурсиялар;
- интеллектуалдыжәне танымдық ойындар.
Әр жылдары Наурыз кездесулеріне ғылымның түрлі салаларындағы біртуар қайраткерлер, сарапшылар және ғалымдар қатысып, ашық лекция оқып, шеберлік сағаттарын өткізген:
- Тоқтар Әубәкіров, тұңғыш қазақ ғарышкері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ұшқыш-сынаушы, профессор, техника ғылымдарының докторы;
- Талғат Мұсабаев, ғарышқа үш мәрте ұшқан Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты;
- Айдын Айымбетов, Қазақстан Республикасының ғарышкері, Халық Қаһарманы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі;
- Майкл Лутомски, SpaceX және NASA ұйымдарының ғарыш жүйелеріндегі тәуекелдер мен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшысы, АҚШ;
- Правин Пратапан, NASA-ның ғылыми қызметкері, Ұлыбритания;
- Болат Құспанғалиев, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті Сәулет және құрылыс институтының директоры, Қазақстан Республикасының «Құрметті сәулетшісі», «Алтын Адам» премиясының лауреаты, архитектура докторы, академик;
- Сағындық Джамбулатов, Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас дизайнері, Қазақстан Республикасының «Құрметті сәулетшісі»;
- Сәкен Нарынов, архитектор, футурист, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының профессоры, инсталяция және мүсіндердің, «Өнердегі математика» көрмесінің авторы;
- Серджио Ферранди, «Sergio Ferrandi Bureau» итальяндық агенттігінің бас архитекторы, Италия;
- Анатолий Гин, «TRIZ-profi» төрағасы, Ресей;
- Дэвид Портер, Корольдік Институттың PGCE бағдарламасы бойынша докторы,Ұлыбритания;
- Сергей Варламов, физика-математика ғылымдарының кандидаты, М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың А.Н. Колмогоров атындағы арнайы оқу-ғылыми орталығының оқытушысы;
- Насыр Буртебаев, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР Ядролық физика институтының директорының орынбасары;
- Ержан Сырғалиев, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Ұлттық биотехнология орталығының даму департаментінің директоры және тағы басқалар.