Оқушылардың өзін өзі басқаруы

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазіргі өмірдің ажырамас бөлігі болып табылатын оқушылардың жан-жақты үйлесімді дамуына үлкен көңіл бөлінеді. Дамушы әлемнің қарқыны мен қоғамның талаптарын ескерсек, оқушылардың оқу жетістіктері өмірдегі бақытқа және болашақ мансабында табысқа жетудің жалғыз факторы бола алмайды. Осылайша, оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту ерекше маңызға ие екенін атап өтуге болады, өйткені көшбасшылық әлеуеттің негізі мектеп қабырғасында қаланып, қалыптасады, кейіннен ересек жасында толық ашылады.

22 Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың өзін-өзі басқару органы жұмыс істейді. Оның қызметі Зияткерлік мектеп оқушыларының құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған. Бұл органның құрылымына белсенді өмірлік ұстанымы, ұйымдастырушылық қасиеттері бар шаңырақ көшбасшылары, студенттер кіреді.

Оқушылардың өзін-өзі басқару органы зияткерлік және спорттық іс-шаралар, әлеуметтік шаралар, экоакциялар, қайырымдылық жәрмеңкелері, кино кештері, концерттер, кездесулер, форумдар және т.б. іс-шаралар мен жобаларға жетекшілік етеді. Олар веб-сайттарды, жарнамалық науқандарды іске асырады, бағдарламалық өнімдерді әзірлейді, презентациялар жасайды, хакатондар мен жарыстарға қатысады. Мектеп көшбасшылары дербес орган ретінде мектептің барлық істеріне, тәртіпке, оқушыларды ынталандыруға, жатақханадан орын бөлуге арналған комиссияларға белсене қатысады.

Мектеп президенттерін таңдау критерийлеріне сәйкес үміткерлер барлық іріктеу турларынан өтеді, мектеп өмірін жақсарту үшін бастамашыл ұсыныстарды жасап, қызықты және шығармашылық мектеп мерекелерін өткізу бойынша өз бағдарламаларын жасайды.

Сайлау алды кезеңнен өтіп, мектеп оқушыларының өмірін жақсартуға арналған үздік бағдарламаларды ұсынған мектеп президенттері өз ұжымымен бірге оқушылардың өзін-өзі басқару органының тәжірибесін өз өңірлеріндегі жалпы білім беретін мектептерге таратады, тәрбие жобаларының шеңберінде бірлесе отырып іс-шаралар өткізеді.

Мектептің өзін-өзі басқару қоғамдастығының барлық президенттері мен көшбасшыларын жинайтын дәстүрлі желілік көшбасшылар Форумы оқушылардың өзін-өзі басқару миссиясын табысты жүзеге асыруының маңызды фактісі болып табылады. Бұл жаңадан сайланған Президенттер үшін көшбасшылармен кездесіп, алдағы жылға пікір алмасуға жақсы мүмкіндік.

Жыл сайынғы форумдардың тақырыптары өзгеріп отырады, бірақ олардың барлығы оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін, қабілеттерін дамытуға, туындаған мәселелерді шешуге үйренуге, кәсіптік бағдар беруге, топ құру дағдыларын дамытуға, жеке дамуы үшін жаңа ақпарат алуға бағытталған.


Форумдарға мектеп көшбасшыларын қоршаған ортаны аялау, отансүйгіштікке баулу, болашақ мамандығын таңдауға қатысты идеяларды оқушылардың өзін-өзі басқару іс-әрекетіне енгізуге шабыттандыратын және ынталандыратын түрлі салалардан спикерлер шақырылады.

Бүгінгі таңда желідегі барлық мектептерде жұмыстарының жемісін беріп жатқан оқушылардың өзін-өзі басқару құрылымдары қалыптасқан. Мектептердің өзін-өзі басқаруы мектептегі іс-шаралардың белсенді қатысушылары ғана емес, олар тәртіпті ұйымдастыруға назар аударады, іс-шараларды өткізу және мектеп климатын жақсарту бойынша өз ұсыныстарына бастамашылық етеді.

Өзін-өзі басқару жұмысына қатысу сыныпта, мектепте болып жатқан барлық нәрселерге, елде болып жатқан оқиғаларға қатыстылық сезімін дамытуға ықпал етеді. Бұл оқушыларды кейінгі азаматтық іс-әрекетке, әлеуметтік тәжірибені меңгеруге дайындайтын, адамдармен ынтымақтастыққа үйрететін баспалдақтың бірі.