Назарбаев Зияткерлік мектептерінде үш тілде оқытуды жүзеге асыру саясаты

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ (бұдан әрі – ДББҰ) мемлекеттік тіл – қазақ тілін Қазақстан азаматтарының негізгі тілі ретінде дамытады, ұлтаралық қарым-қатынас үшін қосымша тіл ретінде орыс тілі мен халықаралық тіл ретінде ағылшын тілін дамытуды қолдайды. 

Пәндерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыту арқылы қосымша ақпаратқа, жаңа перспективаларға, басқа мәдениеттерді барынша терең түсінуге қол жеткізеді. Үштілді ортаны құрудың нәтижесінде оқушылардың әлеуеті, өзіне және өзін қоршаған қоғамға деген құрмет сезімі, тіл үйренуге деген құштарлығы артады, икемді болу, сыни және шығармашылық ойлау, мәдениетаралық ынтымақтастықты орнату қабілеттері мен дағдылары дамиды.  

Зияткерлік мектептердегі үш тілді білім беру қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытуда келесідей бағытта жүзеге асырылады: 

тіл пәндері ретінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту; 

әртүрлі пәндерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыту арқылы пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту әдісін қолдану; 

қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру;

оқыту тіліне қарамастан екінші (қазақ/орыс) және үшінші (ағылшын) тілде жекелеген пәндерді оқу. Атап айтқанда, "Дүниетану", "Қазақстан тарихы (Қазіргі әлемдегі Қазақстан)", "География", Құқық негіздері" пәндері қазақ тілінде; "Дүниежүзілік тарих", "Информатика" пәндері орыс тілінде; ғылыми-жаратылыстану бағығытындағы пәндер, "Экономика" және "Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс" жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытылады. 

 

Мақсаттар мен құндылықтар

Зияткерлік мектептердің мақсаты оқушылардың үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген белсенді азаматтар ретінде қалыптасып:  

барлық қызмет салаларында тиісті деңгейде үш тілді қолдана алуына; 

өз мәдениетін бағалай білуіне; 

басқа елдердің мәдениетін түсініп, оған құрметпен қарауына ықпал ету.

 

Зияткерлік мектептер, оқушылар мен педагогтар ұжымы келесідей құндылықтар мен дағдыларды өз қызметтері аясында басшылыққа алады:

ана тілін (қазақ немесе орыс) сақтау және оны тұрақты дамыту, екінші және шет тілін үйрену;

қазақ тілінің 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етуіне үлес қосу;

басқа халықтардың мәдениетіне, пікір мен ойларына құрмет көрсету (әдет-ғұрып, салт-дәстүр);

жауапкершілікті сезіну және азаматтық позицияны ұстану;

үш тілде бірдей жоғарғы деңгейдегі функционалдық сауаттылыққа қол жеткізу;

өмір бойы білім алу;

үш тілде білім беру саясатын жүзеге асыруда мүдделі тараптар мен қоғам үшін ашықтық таныту, білім беру бағдарламасының дамуы мен жетістіктері, қиындықтары, болашақ жоспарлары туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету;

үш тілде оқытуды қамтамасыз ету жолында Қазақстан азаматтарын ынтымақтастыққа шақыру.