Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектептердің тамыз кеңесі оқушыларға кәсіптік бағдар беру мәселелеріне арналды
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің онлайн форматта өтіп жатқан тамыз кеңесі кәсіптік бағдар беру мәселелерін де қамтыды. «Зияткерлік мектептерде кәсіптік бағдар беруді дамыту және жетілдіру жолдары» тақырыбындағы тәжірибелік алаңда оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға жәрдемдесетін кеңесшілер бас қосты.
Шәкірттерге қоғамға қажетті мамандықтар бойынша тың мәліметтер ұсынып, оларды сынақ емтихандарына дайындайтын мамандар жұмыс барысында кездесетін түрлі қиындықтар туралы өзара пікір алмасып, өзекті мәселені жан-жақты талқылады. Ал онлайн жиынның модераторлығын Білім сапасын бағалау және халықаралық аккредиттеу департаментінің мамандары алды.
Басқосу барысында қатысушылар әр оқушымен жеке жұмыс істеудің маңыздылығына, сондай-ақ олардың бейімі мен қызығушылығын анықтау үшін психометриялық тесттер, әңгімелеcу мен заманауи құралдарды қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Сессияның маңызды бөлімі емтихан тапсыру кезінде оқушылардың бейіндік пәндерді таңдауына бағыт беру болды. Бұл мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсуіне айтарлықтай көмегін тигізіп, жоғары нәтижелерге жетуге септігін тигізеді. Сондай-ақ оқушыларға білім беру бағдарламаларының қызығушылықтары мен талаптарын ескере отырып, саналы таңдау жасауға көмектесетін кеңес беру әдістерімен бөлісті.