Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектептердің қорытынды емтихан материалдарын сату бойынша жалған ақпаратқа қатысты түсініктемесі
Соңғы екі аптада Телеграм-арналарда сыртқы жиынтық бағалау емтиханы материалдарын сату бойынша жалған ақпараттар тарауда. Назарбаев Зияткерлік мектептері емтихандардың халықаралық A-Level стандартына сәйкес келетінін атап өтеді. Бұл емтихандарды ұйымдастыру мен өткізудің барлық кезеңі Кембридж сарапшыларының жіті бақылауында екенін білдіреді.
Біріншіден, бағалау құралдары Кембриджбен бірлесе әзірленеді, сондай-ақ максималды қауіпсіздік пен құпиялылық сақтала отырып, бірнеше сараптама кезеңінен өтеді.
Екіншіден, сыртқы жиынтық бағалау емтихандарын ұйымдастыру мен өткізу нормативтік құжаттармен реттеледі, онда мектеп қызметкерлерінің функциялары ғана емес, оқушылардың құқықтары мен міндеттері де жазылған. Емтиханды тапсыру кезінде A-Level стандартының сақталуы Кембридж және Педагогикалық өлшеулер орталығы сарапшыларының тексерісінен өтеді. Осы орайда барлық мектепте емтихан материалдарын қауіпсіз жерде сақтау үшін барлық жағдай жасалған, аудиториялар Кембридж талаптарына сай келеді, сондай-ақ емтихан барысында оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің ережелерді бұзу фактілерін болдырмау үшін тікелей трансляция мен бейнежазба жүргізіледі.
Үшіншіден, балл мен баға қою Кембридж сарапшыларының басшылығымен Педагогикалық өлшеулер орталығының базасында жүргізіледі. Оқушылардың жұмысын тексерудің көпсатылы моделі стандарттардан ауытқымай, балдарды дәлме-дәл қоюға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, емтихан жетекшілері жиі-жиі сарапшылар қойған ұпайлардың дәлдігін, бағалаудың объективтілігін тексереді. Емтихан алушылар тобының жетекшілері тексерген жұмыстарды өз кезегінде Бас емтихан алушы да тексереді.
Осыған байланысты емтихан ережелерін бұзу, сондай-ақ Зияткерлік мектеп оқушылары тарапынан алаяқтыққа жәрдемдесу фактілері анықталған жағдайда дербес білім беру ұйымы олардың емтихан нәтижелерін жоюға құқылы.