Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектептердің екі ұстазы жылдың «Үздік педагогі» атанды
Бүгін Астанада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Еліміздің 64 мұғалімі «Үздік педагог» төсбелгісі мен куәлігіне, сондай-ақ ақшалай сыйақыға ие болды. Олардың қатарында Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалім-модераторы Зәуре Ділманова мен Қостанайдағы NIS-тің информатика пәні мұғалім-зерттеушісі Борис Зеленов бар.
Зәуре Ділманова – педагогика саласында 37 жылдық тәжірибесі бар білікті маман, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің, ондаған алғысхат пен құрмет грамотасының иегері, ғылыми мақалалардың авторы. Зияткерлік мектептер экожүйесінде 2013 жылдан бері қызмет етеді. Ұстаздың оқушылары халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүр.
Ал Борис Зеленов мектеп қабырғасында балаларға білім берумен қатар NIS Педагогикалық шеберлік орталығының сертификатталған тренері ретінде қазақстандық педагогтердің біліктілігін арттыру бағытында да қызмет етеді. Сондай-ақ Яндекс.Лицей сайтының оқытушысы және үйлестірушісі болып табылады, «Python тілінде бағдарламалау» курсын жүргізеді. Әр жылдары халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда жүлдегер атанса, шәкірттері әлемдік деңгейдегі ғылыми жобалар конкурстарында топ жарып келеді және өнертабыстарына авторлық құқық алған.
Айта кетейік, беделді «Үздік педагог» республикалық байқауына биыл 1000-ға жуық ұстаз қатысты.