Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектептердің дәстүрлі Тамыз конференциясы – киелі Түркістанда
Бүгін «Кәсіби оқыту қоғамдастығының дамуы: сапа мен тиімділік» атты NIS-тің жыл сайынғы Тамыз конференциясы Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалғасын тапты. Ауқымды педагогикалық кеңеске 200 мұғалім дәстүрлі форматта қатысса, 3500 ұстаз қашықтан қосылды.
Ресми ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қатысушыларды NIS-тің 15 жылдығымен құттықтап, жаңа оқу жылының басты басымдықтарын «Кәсіби оқыту қауымдастығын құру арқылы NIS болашағын қалыптастыру» тақырыбындағы баяндамасында айқындады:
– Алдағы академиялық жылда 2 негізгі бағыт – жаңартылған бағдарлама және когнитивті емес дағдыларды бағалауды бастаймыз. Бұл қалыптасқан машықтан құзыреттілікке көшуге, оқыту мен тәрбиелеуді интеграциялауға негізделген. Жалпы тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру – жаңа оқу жылындағы ең маңызды міндеттердің бірі.
Сондай-ақ Тамыз кеңесінде оқушыларға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында айрықша рөл атқарып жүрген Зияткерлік мектептердің 130 ұстазы мен қызметкері «15 жыл – 15 номинация» аясында арнайы құрмет грамоталарын иеленіп, алғысхаттармен марапатталады.
Зияткерлік мектептердің Тамыз конференциясы Түркістан қаласында 21-22 тамыз аралығында өтеді. Екі күн бойы NIS педагогтері тақырыптық және тәжірибелік алаңдарда біліктілігін арттырып, пікір алмасады, жаңа оқу жылындағы жаңалықтар мен дайындықтарды сараптайды.