Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектептердің біліктілігі WIKI TAICEP-те мойындалды
NIS туралы ақпарат ресми түрде The Association for International Credential Evaluation Professionals (TAICEP) халықаралық қауымдастығының WIKI тізіміне енгізілді. Бұл Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламаларының жоғары стандарттарға сай екенін көрсетеді және әлемдік беделін айшықтайды.
TAICEP – білім беру саласындағы біліктілікті бағалауға кәсіби деңгейде маманданған атақты халықаралық ұйым. Ондағы WIKI бүкіл әлем бойынша біліктілікті бағалаушылар үшін жан-жақты және сенімді ресурс ретінде пайдаланылады. Осындай жоғары деңгейдегі дерекқорға NIS туралы ақпараттың енуі бірқатар артықшылықтар береді:
Әлемдік деңгейде танылу мен ақпараттардан хабардар болу: NIS біліктіліктерінің WIKI TAICEP-ке қосылуы әлемдік білім беру мекемелері мен ұйымдары алдында танылу мен мойындалуына ықпал етеді.
Жоғары сенімділік: WIKI TAICEP дерекқорына қосылу оқу бағдарламаларының, қорытынды емтихандардың және Зияткерлік мектеп түлегіне берілетін NIS Grade 12 Certificate сертификатының заңдылығы мен жоғары сапасын растайды. Бұл оқушылардың, ата-аналардың және серіктестердің NIS білімінің құндылығына деген сенімін күшейтеді.
Жаһандық деңгейде көріну: WIKI TAICEP ұсынған жаһандық деңгейде көріну Зияткерлік мектептердің халықаралық білім қоғамдастығы алдындағы беделін арттырады. Бұл рейтингі жоғары университеттерді тартуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді.
– WIKI TAICEP дерекқорында 110-нан аса елдің білім беру мекемелері туралы ақпарат бар. NIS енді осы дерекқорға енгізіліп отыр. Біз бұл жетістікті мақтан етеміз және бұл біздің түлектеріміздің халықаралық аренада одан әрі дамуына және табысқа жетуіне септігін тигізетініне сенімдіміз, – дейді NIS Білім сапасын бағалау және халықаралық аккредитация департаментінің аға менеджері Гүлнар Садық.
Айта кетейік, әзірге Зияткерлік мектептер – аталмыш дерекқорға енген еліміздегі жалғыз білім беру ұйымы.