Зияткерлік мектептерде жаңа форматта өткен тамыз кеңесі қорытындыланды

Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің екі күнге жалғасқан Тамыз кеңесі қорытындыланды. Атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы жаңа оқу жылына қойған мақсат-міндеттер сараланды. Кеңеске «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрағасы Әнуар Жанғозин қатысып, жаһандық бәсекеге төтеп беру үшін ұстаздар қауымын үздіксіз дамуға шақырды. Биыл жауапты жиын екі жыл бұрын ашылған Түркістан қаласындағы NIS-те өтті.

«Кәсіби оқыту қоғамдастығының дамуы: сапа мен тиімділік» тақырыбындағы тамыз конференциясына еліміздің әр өңіріндегі Зияткерлік мектептерден 200-ге тарта педагог қатысты, ал кеңестің алғашқы күнінде 3500 ұстаз қашықтан қосылған болатын.

Ауқымды педагогикалық кеңесте білім саласындағы жаңа технологиялармен, озық тәжірибелер тағы бір мәрте пысықталып, қатысушылармен кері байланыс жасалды.

Жиын барысында сөз алған Басқарма төрағасы Түркістандағы Зияткерлік мектеп кітапханасына 80-ге тарта шетелдік ғалымдардың кітаптарын табыс етті.

– Тәуелсіз Қазақстанда жүзеге асырылған ең маңызды жобалардың бірі - бұл әлемдегі ең пайдалы оқулықтардың аударылуы. Бұл жобаны кезінде Ұлттық аударма бюросы жүргізді. Нәтижесінде жүз оқулық қазақ тіліне аударылды. Кейбір оқулықтардың тек ағылшын және қазақ тіліндегі нұсқалары ғана болды, яғни олар тіпті орыс тіліне де аударылмаған, – деді Әнуар Қанатұлы.

Айта кетейік, кеше ғылыми жобалар жарысына жеңімпаздарды дайындаған үздік педагогтер, республикалық олимпиадаларға оқушыларды дайындаған ұстаздар, ТОП-100 үздік мектеп педагогі 15 номинация бойынша марапатталған болатын