Зияткерлік мектептерде шахматтан желілік спартакиада өтуде

Бүгін еліміздің барлық өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектептері (NIS) мен Астана Халықаралық мектебінің (ISA) оқушылары арасында шахматтан желілік спартакиада басталды.

Ойындар 2023 жылғы 7-9 қараша аралығында «lichess.org» платформасында қашықтан өтеді және спартакиадаға NIS пен ISA-дан 188 оқушы қатысады.

Шараның ашылу салтанатында ақ-қара ойынның жас виртуоздарын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Айдана Шилибекова құттықтады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арбитр фиде Рустам Қайырбеков пен Дана Тулеева, бірінші санаттағы төреші Баян Есенғабылова және спорт төрешілері Әнуар Тілеуқабылов пен Асылжан Исина анықтайды.