Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектеп оқушылары – MIT Model United Nations мінберінде
Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS оқушылары АҚШ-тың Бостон қаласындағы әйгілі Массачусетс технологиялық институтының ұйымдастыруымен өткен XVI MIT MUN конференциясынан оралды. Жаһандық форум әлемнің 50-ден астам елінен келген 300-ден аса делегатты бір алаңда жинады. Зияткерлік мектеп оқушылары Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия, Канада, Австрия, Швейцария, Қытай, Австралия, Польша, Швеция және басқа да мемлекеттердің өкілдерімен Біріккен Ұлттар Ұйымы Моделінің ондаған комиттерінде түрлі жаһандық проблемаларды көтеріп, шешімін іздеді.
Үш күндік басқосу қазақстандық оқушыларға шетелдік құрдастарымен табысты ынтымақтастық пен сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік берді.
– Әр комитетте біз БҰҰ Моделі бойынша MUN қозғалысының делегаттары ретінде әлемді толғандыратын ең өзекті мәселелерді талқыладық, таңдалған елдің позициясын қорғадық. Қатысушылардың көпшілігі – ағылшын тілді, сондықтан халықаралық мінберге көтерілу және БҰҰ-ның ресми тілінде сөз сөйлеу біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Біз өз міндетімізді жоғары деңгейді орындадық деп ойлаймын, – дейді алматылық зияткер Дінмұхамед Көшербаев.
Айта кетейік, NIS делегациясы әйгілі Массачусетс технологиялық институтының қабырғасында, MUN қозғалысы алғаш пайда болған елде конференцияға қатысу бақытына ие болды. Бүгінде жыл сайын бүкіл әлем бойынша мыңдаған білім алушы MUN бағдарламасына қатысады. Сондай-ақ заң, мемлекеттік басқару, бизнес және өнер саласындағы көптеген көшбасшылар мектеп кезінде немесе студенттік шақта «БҰҰ Моделі» бағдарламасының белсенді қатысушылары болғанын атап өткен жөн.
Сапар барысында конференция қатысушылары Гарвард университетін аралап, әлемдегі ең беделді жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты.