Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектеп мұғалімдері ауылдық әріптестеріне шеберлік сағатын өтті
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагогтері ауылдық мектептерден келген әріптестеріне қоғамға қызмет ету, цифрлы құралдарды оқу процесcінде қолдану, жасөспірімдерді психологиялық қолдау бағыттары бойынша үздік тәжірибелерін ұсынды.
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Виктор Сосин бастаған делегация қоғамға қызмет ету бойынша әлеуметтік жобалар оқушыларда адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың ұтымды тәсілі екенін дәлелдеп берді. Математика пәні мұғалімі Мерей Какен оқушыларға арнап білім беру каналын ашса, ұстаздық жолды жалғаған түлектер де волонтерлікпен айналысуда. Қатысушыларды, әсіресе, Даниил Филимоновтың олимпиада мен ғылыми жобаларға бағытталған оннан аса білім беру жобаларын біріктіретін «Beyond Curriculum» қоғамдық қоры ерекше қызықтырды.
Көкшетаудағы NIS директорының орынбасары Айгүл Төлеубаева мен бастауыш сынып мұғалімі Ажар Боранбаева оқушыларға қазақ тілін меңгерту бойынша авторлық жобасын таныстырды. «Қазақ тіліне бойлау» деп аталатын бірегей әдіс өзге ұлт балалары мен тіл үйреніп жүрген ең кішкентай оқушыларға арналған. Канада, Эстония, Финляндия елдерінің тілдік ортаға бойлау бағдарламасын іске асыру тәжірибесін зерттеу негізінде дүниеге келген әдісті Көкшетау және Талдықорған қалаларының Зияткерлік мектептерінде белсенді қолдануда. Бүгінгі күн оқытудағы өзгерістердің жылдам өзгеретінін көрсетуде, соның ішінде цифрлы құралдар оқу процессін ұйымдастырудың заманауи әдісіне айналып отыр. Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері Жанна Айтбаева, Юлия Каменская және Айнұр Сембекованың шеберлік сабағында қатысушылар әлеуметтік-гуманитарлық циклі мұғалімдерінің педагогикалық тәжірибесіндегі цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін көріп, практикалық тұрғыда сынап көрді.
Цифрлы сауаттылық тақырыбын жалғастырған Қостанайдағы NIS директорының орынбасарлары Рашит Тәтімбеков пен Елена Ващенко сабақты бақылаудың цифрлық жүйесін енгізу, бағалауға арналған рубрикаторды әзірлеу, деректер қорын пайдалану бойынша жағдаяттар мен оларды шешу жолдарын талдады.
Сахналық ойындар арқылы сабақты көңілді және қызықты өткізу жолдарын Астана қаласындағы Халықаралық мектептің драма және дене шынықтыру мұғалімі Адела Мэй Мартинес-Альгуно көрсетті. Мектеп пәндерін кіріктіру арқылы сыни ойлау мен цифрлық сауаттылықты қалыптастыруға арналған қауіпсіз STEAM ортасы туралы Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің делегаттары Инна Аксенова, Инна Богучарская, Максим Рыбалкин, Мирлан Джусамбаев, Аңсар Әкім айтып берді.
Атырау қаласындағы NIS педагог-психологтары Радмира Муханова мен Лаура Шамишеваның жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу бойынша «SpeakUp» бағдарламасының ерекшелігі де талқыланды. Оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алуды қалыптастыратын бағдарламаның өміршеңдігіне сенім білдірді.