Баспасөз-қызметі
Зияткерлердің өнертабыстары «Шапағат» байқауында жоғары бағаланды
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары XVIII республикалық «Шапағат» байқауының дипломанттары атанып, ақшалай сыйақыға ие болды.
Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Нұртөре Арынұрұлы, Павлодардағы Зияткерлік мектептен Зарина Сегізбаева мен Мирали Ибраев, Оралдағы NIS-тен Нұрсұлтан Зинуллин және тараздық зияткер Адия Керімқұлова «Шапағат» байқауының «Жас талап» номинациясы бойынша «Өнертапқыштық саладағы инновациялық жобалары үшін» дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ әр жобаға 500 000 теңге сыйақы берілді.
Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Нұртөре Арынұрұлы байқауға «Artemia Salina-дан полиқанықпаған май қышқылдарын алу тәсілдері» атты жобасын ұсынған.
– Artemia Salina шаян тәрізділерін жасанды түрде өсіріп, олардан полиқанықпаған май қышқылдарын алу басты мақсат еді. Кейін оны ауыр дертке шалдыққан жандардың тез айығуына әсер ететін препарат ретінде пайдалануға болады. Бұл жобаны 2021 жылдан бастап қолға алдым, ал 2022 авторлық құқыққа ие болдым, – дейді Нұртөре.
Павлодарлық зияткерлер Зарина Сегізбаева мен Мирали Ибраевтың «Жануарлардың сүйектерін өңдеу арқылы гидрогель негізіндегі фосфатты тыңайтқыштар алу» тақырыбындағы жобасын да ғалымдар жоғары бағалады. Оқушылар аграрлық секторға жақын су объектілерінің ластану мәселесін шешетін экологиялық таза тыңайтқыш алу әдісін ойлап тапты.
– «Шапағат» біз үшін керемет тәжірибе болды. Байқау барлық жастағы өнертапқыштарды ынталандырумен ерекшеленіп келеді. Сондай-ақ біз еліміздегі ғылым саласының дамуына үлес қосып жүрген тұлғалармен таныстық, – деп ой бөлісті Мирали мен Зарина.
Оралдағы NIS оқушысы Нұрсұлтан Зинуллиннің өнертабысы ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Жобаның аты – «DFAN-01. Ауыл шаруашылық дроны».
– Дрон арқылы егін шаруашылығының жұмысын жоспарлау үшін ауа райын алдын ала болжауға болады, алқаптағы өскіндердің әр бөлігін сканерлеп, ішкі күйінен хабар алуға мүмкіндік бар. Сонымен қоса тыңайтқыш пен улы заттарды шашатын және алқаптағы қозғалыстарды қадағалайтын функцияны да орнаттық. Бұл жетістік тек менікі ғана емес, достарым Махамбет Өтепқали пен Нұрдәулет Базарғалидің еңбегі зор. Жетекшілерім физика пәнінің мұғалімі Сакен Батырғалиұлына, Нұрболат Сәрсенғалиұлына және экономика пәні мұғалімі Айгерім Бейбітқызына алғысым шексіз, – дейді оралдық зияткер.
Ал Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Адия Керімқұлова жаһандық жылыну мәселесін шешу бағытында жұмыстанған. Оның жобасы «Ecoinstal автоматтандырылған өнеркәсіптік газ жұтқышы» деп аталады.
Айта кетейік, «Шапағат» – қазақстандық өнертапқыштар мен инноваторлар үшін Ұлттық зияткерлік меншік институты мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2005 жылдан бері өткізіп келе жатқан республикалық байқауы. Басты мақсаты – отандық ғалымдардың өнертапқыштық әлеуетін, кәсіпорындардың көрнекті жетістіктерін дамытуды қолдау.