Баспасөз-қызметі
Жүректі тербеткен ән-ғұмыр
«Сыр сұлуы», «Ана туралы жыр», «Тамды аруы», «Сағынышым менің», «Теріскей», «Сүймегендер сағынбайды», «Сыған серенадасы», «Ақ маңдайлым» – Шәмшінің әр адамның жүрегіне жақын, жан сарайын ашатын әндері «Ән-ғұмыр» шығармашылық кешінде шырқалды. Қазақ вальсінің королі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Қазақ әндері» жобасы аясындағы дәстүрлі балды Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және Батыс Қазақстан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастырды.
– Шәмшінің әнімен жабырқаған көңіл жұбанып, тәтті лирикалық әуен әсемдікке, жан парасатына жетелейді. «Қазақ әндері» жобасы оқушылардың әндерді қазақ тілінде орындауы арқылы сөздік қорын толықтыруға, эстетикалық мәдениет пен вокалдық талғамды қалыптастыруға ықпал етеді. Ал вальс биі талғам мен нәзіктікті, ырғақ пен үйлесімді сезінуге үйретеді, – дейді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев.
Мектепішілік драма үйірмесінің шәкірттері бұл күні композитордың дара жолын театрландырылған қойылым арқылы бейнеледі, өңірдің танымал жұлдыздары композитор шығармаларын орындаса, мектеп қызметкерлері, оқушылар, ата-аналар және кеш меймандары вальс толқынында тербетіле биледі.