Жасанды интеллект пен BIG DATA: медицинадағы жаңа белес

Наурыз кездесулері қатысушылары ISSAI институтының негізін қалаушы және директоры Атакан Варол ұсынған Назарбаев Университеті ғалымдарының жасанды интеллект саласындағы флагмандық зерттеулерімен танысты.  Олардың арасында кеуде қуысының рентгенографиясы мен Альцгеймер ауруы үшін жіктеу жүйесі сияқты жобалар бар.

– Жасанды интеллект медицина мен биология саласында зерттеулер жасау үшін керемет мүмкіндіктер береді. Осы мүмкіндіктерді бірге қолданайық, – деп бөлісті Атакан Варол.

BIG DATA көмегімен Қазақстандағы жұқпалы аурулардың эпидемиологиясы және болжамын жүргізу тәжірибесі туралы Назарбаев Университеті Медицина мектебінің қауымдастырылған профессоры Абдужаппар Гаипов баяндады.

– BIG DATA-ны қолдану арқылы жалпы Қазақстандағы жұқпалы аурулар жайлы жан-жақты ақпарат алуға болады. Ендігі мақсатымыз – BIG DATA-ны генетикалық ақпарат базасы және биобанкпен біріктіріп, түрлі аурулардың эпидемиологиясын зерттеу, оның алдын алу жолдарын қарастыру.