Баспасөз-қызметі
«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» II республикалық форумы аяқталды
Бүгін елордада NIS Педагогикалық шеберлік орталығының «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты II республикалық форумы аяқталды. Екі күн бойы ауылдық мектептерінің 200-ге жуық жас мұғалімі білімі мен білігін шыңдады, жаңа оқу жылы қарсаңында шабыт алды.
Форумның ашылу салтанатында алғысөзді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, Жаһандық білім беру комиссиясының Азия хаб комиссары Күләш Шәмшидинова және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Жанкеев алды.
Жас педагогтер мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың «галстуксыз кездесуі» форумның ең жарқын сәттерінің біріне айналды. Бейресми жиынға NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин модераторлық етіп, шараның басты мақсаттарын айқындады:
– «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумында мұғалімдерге үздіксіз қолдау білдіру, заманауи білім беруде бағыт-бағдар көрсету және жетістікке жеткен тұлғалардың оқиғалары арқылы ұстаздардың ынтасын арттыруды көздейміз.
TED Talks форматында өткен түрлі сала майталмандарының мотивациялық баяндамалары форум қатысушыларына серпін сыйлады. Спикерлер қатарында AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев, жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Оразбек, Qazaqstan Team Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлейменов, ғалым-зерттеуші Мәулен Бектұрғанов, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Амантаев болды.
Педагогикалық шеберлік орталығының үздік тренерлері тиімді жоспарлау, оқу мен оқытуды бағалау, функционалдық сауаттылықты дамыту, сабақты зерттеу, эмоцияларды басқару және білім берудегі TPACK әдісі бойынша шеберлік сағаттар мен тақырыптық алаңдарда талқылау ұйымдастырды. Сондай-ақ ұстаздар «Болашақ мектепті жобалау» квестіне қатысып, оқу ордаларының жаңа модельдерін жасақтады, озық деп танылған 3 жоба авторлары ПШО-ның вебинарына қатысуға мүмкіндік беретін сертификаттарға ие болды.
Шара соңында отандық мұғалімдердің кәсіби дамуын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан NIS Педагогикалық шеберлік орталығының ұжымы сахнаға шығып, жас мамандардың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.
Бүгінде «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық форумы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бірегей әрі дәстүрлі жобаларының қатарынан орын алды.