Үздік жыл мұғалімі – 2023

Бүгін Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде NIS жүйесінің әрбір өкілі үшін елеулі оқиғаға айналған дәстүрлі «Үздік жыл мұғалімі» байқауы басталды.

21 Зияткерлік мектепте өткен аймақтық турлардың жеңімпаздары байқау алдында тыңдай және ести білу, педагогикалық мәселені тұжырымдап, оны шешу, ынтымақтастық және сенім ахуалын қалыптастыруға бағытталған «Оқушылар және ата-аналармен тілдесу» атты үй тапсырмасы ретінде берілген бейнефильмдерін ұсынды. Ал шара барысында ұстаздар «Планета шеруіне» қатысып, сабақ өткізеді, «Менің педагогикалық ұстанымым» атты дербес көрмесін таныстырады, сондай-ақ «Мен – тұлғамын, мен – мұғаліммін» тақырыбындағы деректеме карточкасын, қоғам алдында сөйлеу дағдыларын көрсетіп, педагогикалық жағдаяттардан шығудың жолдарын іздейді.

2023 жылдың үздік ұстазын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов, Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдинова, Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кәбдікәрімова, Педагогикалық өлшеулер орталығының директоры Лейла Тұрсынова, Ақпараттық технологиялар және қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов және NIS-тің өзге де сарапшылары анықтайды.