Баспасөз-қызметі
Басқарма төрағасының орынбасары Светлана Испусинова «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды
Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Светлана Испусинова білім және ғылым саласындағы еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен наградтталды.
Беделді марапатты NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин табыстап, Светлана Багитқызының Зияткерлік мектептерге ғана емес, отандық орта білім беру жүйесіне қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтіп, ұжым атынан алғыс білдірді.
– Әріптесіміз әрі тәлімгеріміз Светлана Багитқызының кәсібилігі, көшбасшылығы және қызметіне деген адалдығы – баршаға үлгі. Бүгінде NIS тәжірибесін еліміздің мектептеріне тарату мен қазақстандық педагогтердің біліктілігін арттырудағы көп жылдық жұмысы табысты нәтиже беруде, - деді Ә.Жанғозин.
Педагогика саласында 44 жыл қызмет атқарған ұлағатты ұстаз еңбек жолын тарих, құқық пәндерінің мұғалімі болып бастаған. Кейін мектеп директоры, облыстық білім беру департаментінің басшысы, орта және жалпы білім беру департаментінің үйлестіру және даму бөлімінің басшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директорлық қызметін абыроймен атқарды.
2010 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ адами ресурстарды басқару мен оқушыларды іріктеу департаменті директоры болып тағайындалды. 2012 жылы Басқарушы директор қызметінен Басқарма төрағасының орынбасары лауазымына көтерілді. 2019 жылы ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.
Светлана Багитқызының басшылығымен Зияткерлік мектептердің бірегей білім беру бағдарламасы – NIS-Programme әзірленіп, қолданысқа енді, соның негізінде 228 жоғары сапалы білім беру бағдарламасы дайындалды.
Светлана Испусинова дербес білім беру ұйымы қызметінің стратегиялық маңызды бағыттарының бірі – Зияткерлік мектептердің тәжірибесін еліміздің орта білім беру жүйесіне енгізуді қолға алды. NIS тәжірибесін тарату бойынша бастауыш, жалпы және негізгі орта білім берудің 3 мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, 165 оқу жоспары, Қазақстандағы педагог қызметкерлердің және білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламалары әзірленді. Сондай-ақ 30 пилоттық мектепте Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарттарын тестілеу мониторингінің әдістемесі жасақталды.
Светлана Багитқызының бастамасымен оқытудағы өзекті мәселелер, соның ішінде білім беру мазмұны, бағалау мен педагогтердің кәсіби дамуына бағытталған 13 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, Астанадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің бірінші Съезі, Зияткерлік мектептердің дәстүріне айналған 11 тамыз конференциясы, қазақ тілі мұғалімдеріне арналған 2 форум өтті.
Светлана Испусинованың NIS экожүйесіндегі негізгі құзіреттерінің бірі – педагогикалық кадрларды даярлау және іріктеу бойынша жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізу.
Оның жетекшілігімен 2012 жылдан бастап 242 біліктілікті арттыру курстары әзірленді, 7283 сертификатталған тренер және ҚР білім беру ұйымдарының 321 775 педагогі оқытылды, әдістемелік қолдау жұмыстары аясында 75 996 іс-шара өтті, «Педагогикалық диалог» ақпараттық-әдістемелік журналының 43 саны және 653 оқу құралы жарық көрді.
Қазақстандық оқушылардың робототехникадан әлемдік аренаға шығуы да Светлана Испусинованың басшылығымен жүргізілді. 2014 жылдан бері WRO-ның облыстық және республикалық кезеңдеріне барлығы 7347 бала қатысса, халықаралық бәйгеде еліміздің көк туын 227 оқушы желбіретті, оның ішінде 21 жас роботшы дүниежүзілік олимпиаданың жүлдегері атанды.
Светлана Багитқызы – «Құрмет» орденінің, ҚР Президентінің Құрмет грамотасының, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» мен «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері.