Баспасөз-қызметі
Қызылордадағы NIS оқушысы Абай оқуларының жеңімпазы атанды
Семей қаласында өткен ХХV мерейтойлық республикалық Абай оқуларында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы жүлделі І орынды иеленді.
Ұлы ақынның шығармасын ұлықтаған дәстүрлі байқауға әр облыстан 130-дан аса оқушы қатысты.
Еліміздің дарынды ұландары алты номинация бойынша бақ сынады. Қызылордалық Сырсұңқар Базарбайұлы «Көңілім әнді ұғады» номинациясында ұлы Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін өзінің табиғатынан дарыған әсем де қоңыр, елең еткізер даусымен домбырада шебер орындап, жеңіс тұғырынан көрінді.
– Абай ата шығармалары менің жаныма өте жақын, себебі философиялық тереңдігі, салмақты да салиқалы ойымен жанымды баурап, «толық адам» болуға үндейді. Қазақтың бас ақынының шығармалары – бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін өміріне азық болатын, үлкен тәрбиелі мәні бар керемет туындылар. Ауырған жанға шипа, шөлдеген жанға сусын, халық тұрмысы мен тынысы, ата-баба тәрбиесі көрініс тауып, әндері арқылы келешек ұрпақпен сырласып, үміт артады, – дейді жеңімпаз.
Айта кетейік, Абай оқулары қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттау, жастарды классикалық және дәстүрлі әдеби шығармаларды оқуға қызықтыру мақсатында 25 жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ қатысушылар Абай мен Шәкәрім туындыларындағы адами құндылықтарды дәріптеп, ақындар шыққан киелі мекеннің тарихымен танысуға мүмкіндік алды.