Баспасөз-қызметі
Қызылордадағы NIS-ке 10 жыл!
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 10 жылдық мерейтойын атап өтті.
Облыстың бас өнер мен мәдениет орталығында мектеп қауымдастығы Сыр өңіріндегі NIS тарихы мен табысты еңбектерін көпшілікке таныстырды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде оқушылардың зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалары, ұстаздардың педагогикалық идеялары мен өнертабыстары көрініс тапты.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, Зияткерлік мектеп ұжымының білім кеңістігіндегі жетістіктерін атап өтіп, облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады.
Шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов, Қызылордадағы NIS-тің алғашқы басшысы Гүлмира Мункеева, оңтүстік аймақтағы NIS директорлары, бұрынғы қызметкерлері, ата-аналары мен оқушылары, педагогикалық жұмыс ардагерлері мен әр жылдардағы мектеп түлектері жиналды. Мерекелік шарада бірқатар ұстаз Басқарма төрағасының құрмет грамотасы мен алғасхатын алды.
Жиында зияткерлік мектептің білім, ғылым, өнер, спорт саласында бағындырған шыңдары, тәрбие бағытында атқарылып жатқан жұмыстары оқушылардың шығармашылығы арқылы таныстырылды.
10 жыл ішінде NIS-тің жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері мол. 2017 жылы Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) аккредитациясынан сәтті өтіп, білім сапасын растады.
Мектеп шәкірттері WRO, IESO, «Ғылым әлемін ашамыз» секілді халықаралық конкурстарда, президенттік олимпиададан бастап басқа да беделді республикалық және аймақтық сайыстарда жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп келеді.
2020 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары арасында өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша желілік ғылыми жобалар сайысында 21 мектеп арасынан «Ең үздік команда» атанды.
Инновациялық өнертабыстар байқауларында оқушылардың ауаның сапасын бақылап, денсаулыққа тигізер зиянын арнайы анықтайтын «EcoDabyl» арнайы платформасы, үй жағдайында жүрек жұмысының ауытқуын және ауруларын анықтауға мүмкіндік беретін электрокардиограф, қоршаған ортаны бақылауға және талдауға арналған «Raysat» жүйесі, егін алқаптарының өнімділігін бақылау жүйесі, жасанды интеллект арқылы зағип жандарға арналған қоғамдық көлік нөмірін анықтау құрылғысы секілді IT жобалар қаржылай қолдау тапты.
«Тәуелсіздік ұрпақтары», «Жас ерікті», «Үздік жас зерттеуші», «Жас ақын», «Жас эколог», «Жаңашыл мұғалім», «Үздік педагог», «Үздік математик» атағын иеленген оқушылар мен ұстаздар мектеп абыройын биікке асқақтатып жүр.
Бүгінгі күнге дейін оқушылар мен ұстаздар қоржыны 9 инновациялық патент, бір өнертабыс, 63 авторлық құқықпен толықты.
Сыр өңіріндегі NIS аймақтағы жалпы білім беретін мектептерге тәжірибе таратуды алғашқы болып бастады. 2015 жылы Қызылорда облысының әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арасында меморандум жасалып, соның аясында 44 инновациялық және 2 пилоттық мектеп белгіленіп, оларға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі кеңінен таратылуда. Бүгінге дейін 2 аймақтық форум, 9 конференция, 850 семинар мен тренинг, 115 практикум, 578 коучинг, 96 отырыс ұйымдастырылып, 27 тілдік курс, Жазғы мектеп пен тағылымдамалар өткізілді. Өткен жылдан бастап «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы негізінде Қызылордадағы NIS Жаңақорған, Қармақшы және Арал аудандарындағы тірек мектептерге әдістемелік қолдау көрсетуде.
2013-2023 жылдар аралығында мектепті барлығы 920 оқушы бітірді. 185 түлек Назарбаев Университетінде, 65-і АҚШ, Германия, Италия, Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Чехия, Түркия, Венгрия, Малайзия және Ресей мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында, қалғандары еліміздің беделді университеттерінде грант негізінде білім алуда.