Баспасөз-қызметі
Қырғызстандық педагогтер Қазақстандағы зияткерлік мектептер жүйесімен танысты
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жетістіктері елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жоғары бағаға ие. Әсіресе, көршілес елдер тарапынан қызығушылық басым. Бүгін Астана қаласындағы Халықаралық мектепке қырғызстандық педагогтердің арнайы келіп, зияткерлерді бағалау мен оқыту бағдарламаларымен танысуы соның дәлелі.
Шетелдік қонақтар алдында сөз сөйлеген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин 15 жылдағы негізгі жетістіктерді атап, оқыту жүйесіндегі бірқатар ерекшеліктерге тоқталды.
«NIS-ті бітірген түлектердің 90%-дан астамы отандық және әлемнің үздік университеттеріне грант негізінде оқуға түсті. Әлемнің 54 жетекші жоғары оқу орны біздің түлектерге беретін сертификатымызды мойындады, бұл шәкірттеріміздің foundation-сіз шетелдіктерге арналған арнайы дайындық курсын оқымастан бірден бакалавриаттың 1 курсына түсуге мүмкіндік береді», – деді Әнуар Қанатұлы.
Сондай-ақ Басқарма төрағасы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің стратегиялық мақсатының бірі – отандық білім беру саласын дамыту екенін атап өтті. Осы кезге дейін ұйым орта мектептердің 320 мыңнан аса мұғалімін оқытып, Педагогикалық шеберлік орталығының курстарынан өткізген. Ал зияткерлер 200-ден аса әзірлемелер мен патенттерді коммерцияландырған. Айта кетейік, биыл Қырғызстанда Президенттің «Акылман» дарынды балаларға арналған лицейдің негізі қаланған. Білім ұясына оқушылар NIS-тегідей 6-сыныпты бітірген соң ғана қабылданады.
«Бастапқыда біздің мектеп Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен болды. Содан кейін Мемлекет басшысы автономды болуы керек деген шешім қабылдады. Мұнда біз NIS автономиясының арқасында осындай жетістікке жеткенін көрдік. Мысалы, бұл баладағы барлық таланттарды дамытуға мүмкіндік береді», – деді «Акылман» Президенттік мектебі директорының орынбасары Батырбек Ескендір.
Ал Зияткерлік мектептердің аз уақытта жеткен жетістіктеріне таңғалған Қырғызстандағы «Креатив-Таалим» жекеменшік мектебінің атқарушы директоры Салқын Асанқұлова өзі басқаратын білім ошағын NIS деңгейіне жеткізу үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
«Бұл жерде енді бес балдық бағалау жүйесі жоқ, бірақ біз халықаралық деңгейге жеттік. Екіншіден, оқу процессі үш тілде жүргізіледі», – деп атап өтті ол. Қырғызстандық делегацияны Педагогикалық шеберлік орталығының «Заманауи мектепті басқару» компьютерлік симуляторы ерекше таң қалдырды. Оның көмегімен мектеп стратегиясын алдағы 5-6 жылдыққа жоспарлауға болады.
Жиын барысында Педагогикалық өлшеулер орталығы директоры Лейла Тұрсынова оқушыларды бағалаудың маңызы туралы баяндама жасаса, Балалардың әл-ауқаты департаментінің директоры Динара Уалкенова оқушылар арасында жүргізілетін психологиялық жұмыстардың маңызына тоқталды. Педагогтер Астананың физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне және NIS-инжинирингке барды.