WRO – 2023: Әлемді біріктіреміз

Бүгін Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі World Robot Olympiad аясында робототехникадан Ұлттық чемпионаттың қатысушыларын қарсы алуда.

Өңірлік жарыстардың нәтижелеріне сәйкес 2023 жылғы WRO-ның республикалық кезеңіне 918 жас робототехниктердің ішінен топ жарып 266 оқушы өтті. 126 оқушы NIS-тен болса, 140 қатысушы жалпы білім беретін мектептерден келді.

Робототехникадан республикалық олимпиаданың биылғы тақырыбы – «Әлемді біріктіреміз». Бұл Біріккен Ұлттар ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын орындауға бағытталған және қатысушыларды логистика мен цифрлық инфрақұрылымға көмектесетін роботтарды жасау үшін бір алаңға жинайды. Ал байқаудың басты міндеті күнделікті өмірде адамға қамқорлық танытып, қызмет көрсететін роботтарды жасақтау болып қала береді.

Олимпиада RoboMission, Future Innovators, Future Engineers және RoboSports санаттары бойынша өткізіледі. Әр санатта жоғары балл жинаған жеңімпаз командалар 2023 жылғы 7-9 қарашада Панамада өтетін Халықаралық чемпионатта Қазақстанның намысын қорғайды. Ақтық кезеңде 90-нан астам елдің жас таланттары бақ сынайды деп жоспарланған.

Еске салсақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бері World Robot Olympiad-тың Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі қызметін атқарады және әлем чемпионатына қатысу үшін ұлттық құраманы дайындайды.