World Robot Olympiad 2023: қазақстандық командалар – жеңіс тұғырында

Панамада өткен 2023 жылғы World Robot Olympiad-тың әлемдік кезеңінде қазақстандық командалар жоғары нәтиже көрсетті.

Астанадағы «Robotek» мектебінен қатысқан Әмір Қарабаев пен Аңсар Саурбаев «Future Engineers» категориясында күміс еншілесе, Вагиз Дисембаев пен Жанарыс Қапаров «Robomission – Junior» категориясында Қазақстан қоржынын қоламен толықтырды. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Максим Усольцев пен Дінмұхамед Әбдиев «Robomission – Senior» категориясында қола медальге ие болды.

Сондай-ақ Қызылордадағы NIS оқушылары Ернұр Сәду мен Нұрдәулет Әділбек (Future Engineers) және Астанадағы NIS IB оқушылары Әділет Аусарбеков пен Әлиәмір Құрманғазы (Future Innovators – Senior) дүниежүзі бойынша үздік 10 команда қатарына енді.

Айта кетсек, WRO-ның әлемдік кезеңі 7-9 қараша аралығында Панамада өтті. Байрақты додаға 80-нен аса мемлекет қатысты. Қазақстанды Future Engineers, Robomission, Future Innovators, Robosports категориялары бойынша 13 команда таныстырды.

Еске салсақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бері Дүниежүзілік робототехника олимпиадасының (WRO) Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі ретінде қызмет атқарады.