WALS екінші күн: сарапшылар педагогтердің кәсіби дамуындағы Lesson Study тиімділігін талдады

Астанадағы WALS 2024 халықаралық конференциясының екінші күні Германияның Потсдам университетінің оқытушысы Клара Кагердің баяндамасымен басталды. Оның зерттеулері үздіксіз кәсіби дамуға және мұғалімдердің сабақта өз білімін қалай тиімді пайдалана алатынына бағытталған.

Спикер сабақты зерттеу мұғалімдердің біліктілігін көтеріп, олардың сенімін, тәжірибесін және тіпті жұмыс барысындағы өнімділігін өзгертуге ықпал етеді.

– Біздің алдымызда тұрған негізгі сұрақ – Lesson Study нәтиже бере ме деген сауалға жауап табу. Сондықтан мен сабақтың тиімділігін зерттеуге емес, мұғалімнің тиімді білім алуына ықпал ететін процестерді зерттеуге күш салу керек деп ойлаймын, – деді.

Айта кетейік, Клара Кагер қазіргі уақытта жалпыұлттық бастама аясында Германиядағы ең ірі Lesson Study жобасының жетекшісі. Ол өз командасымен бірге неміс мектептерінде Lesson Study бағдарламасын енгізу және кеңейту мәселелерін зерттеп келеді.

Нагоя университетінің профессоры Хироюки Куно Жапониядағы сабақты интерпретациялау тұрғысынан шеберлік сабағын жүргізді. Профессор Lesson Study бағдарламасының ең маңызды бөлігі сабақтың әрбір аспектісін егжей-тегжейлі талдауға білім беру процесінің барлық қатысушыларын – мұғалімдерді, студенттерді және зерттеушілерді тарту екенін, бұл сайып келгенде, мақсатқа бағытталған білім беру ортасын құруға ықпал ететінін атап өтті.

Кембридж университетінің профессоры Элейн Уилсон өз сөзінде ұстаздың тиімділігі шәкірттерінің бір жылда олимпиадалардан 40 алтын алуында емес, мұндай табыстардың тұрақты болғандығымен көрінеді.

– Мұғалімнің шеберлігін оқушылардың білім сайысындағы жеке жетістіктерімен ғана бағалау дұрыс емес. Барлық оқушылардың сабақты түсінген-түсінбегенін және оны қалай нақты меңгергенін түсіну әлдеқайда маңызды. Lesson Study мұны зерттеуге көмектеседі, – деді ол.