Астанадағы NIS IB түлектеріне аттестаттар табысталды

Бүгін елордадағы NIS Халықаралық Бакалавриаттың 166 оқушысына жоғары мектепті бітіргені туралы аттесттатар салтанатты түрде табысталды.

Әр зияткер үшін тарихқа айналған кеш Назарбаев Университетінде (NU) өтті. Ата-аналар, бауырлар мен достар түлектердің қуанышын бөлісуге келді. NU Президенті міндетін атқарушы, провост, доктор Илесанми Адесида құрметті қонақ ретінде қатысып, оқушыларға жалынды лебізін жолдады.

Мектеп директоры Сабыржан Садуакасов білім ұясынан қанат қаққалы тұрған жастарды құттықтап, болашаққа нық қадам жасауға шақырды:

– Бүгінгі күн – біздің арман-мақсатымызға деген адалдығымыздың дәлелі! Алда талай жетер жетістік, бағындырар белес бар. Өзіңізге, ақылыңыз бен біліміңізге сенім артыңыз. Бар күш-қуатыңыз бен талантыңызды өмірлік жолыңызда кездескен мүмкіндіктерге пайдаланыңыз!

Сондай-ақ Alumni NIS президенті Жәнел Сабденова дәстүр бойынша әр талапкерді Түлектер қауымдастығына қабылдап, арнайы төсбелгіні табыс етті. Олар өз кезегінде болашақта білімі және тәжірибесімен бөлісіп, қоғамға пайда әкелуге ант берді.

Биыл Астанадағы Зияткерлік мектепті «Алтын белгімен» Дания Ишанкулова, Лейла Салкен, Жамиля Рамазанова және Сымбат Омашева аяқтаса, 23 шәкірт үздік аттестатқа ие болды.

International Baccalaureate Diploma Programme (IBDP) қорытындысына сәйкес 7 оқушы мүмкін болған 45 ұпайдың 40 және одан жоғарысын жинады.

80-нен аса түлек әлемнің түкпір-түкпіріндегі беделді оқу орындарынан шақыру алды, олардың қатарында QS рейтингіне енген Chinese University of Hong-Kong, University of British Columbia, Hong Kong University of Science and Technology, City University of Hong Kong, The University of Warwick, The Hong Kong Polytechnic University бар. Сондай-ақ 70-ке жуық зияткер Назарбаев Университетіне түсуге өтінім жолдады.

Мектеп түлегі Құралай Хамидолла еліміздегі жетекші Қазақ-Британ техникалық және Сүлейман Демирель Университтерімен қатар Италияның бес үздік жоғары оқу орындары – University of Messina, University of Siena, LUISS University, University of Bologna, Sapienza University-дің толық грантын еншіледі.

Жалғас Тілеумұратин де бірден алты шетелдік университеттің грантына ілікті. Бүгінде University of Michigan және Drexel University (АҚШ), Esada Ramon LULL University (Испания), LUISS University (Италия), Sabanci University мен Koç University (Түркия) Жалғастың жауабын күтуде.

Елордадағы Зияткерлік мектепті бітіріп жатқан үздік оқушылардың арасында халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар, спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

Аида Давлетова 2022 жылы лингвистикадан халықаралық олимпиадада (IOL) қола медаль алса, биыл Сербиядан география пәні бойынша еуропалық олимпиаданың (EGeO) абсолютті күмісімен оралды. Сондай-ақ жақында ол географиядан халықаралық білім бәйгесінде (IGeO) ел намысын қорғайды.

Қуаныштың көз жасы, кимастық сезімі, ата-аналардың толқынысы, ұстаздардың ізгі тілектері – бәрі-бәрі бүгінгі кешті ұмыттырмасы анық. Ал Зияткерлік мектептердің экожүйесі жаңа жетістікті бағындырғанымен мақтана алады.