Баспасөз-қызметі
NIS түлегі Әсел Амангелді Гарвардқа түсті
Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2016 жылғы түлегі Әсел Амангелді Айви лигасының университеті – Гарвардқа (Harvard University) оқуға түсті.
– NIS-ке қабылданған сәттен бастап өмірім түбегейлі өзгерді. Мектептің
академиялық атмосферасын сезініп, озық технологиялармен танысып, бірегей білім беру бағдарламасымен оқығандықтан, еліміздің бас қаласындағы Назарбаев Университетіне түсем деп мақсат қойдым, – деп еске алады Әсел.
Бүгінде Назарбаев Университетінде бакалавр дәрежесін алған зияткер әлемнің үздік жоғары оқу орындарының бірі – Гарвардта магистр атану үшін білімін жалғастырады, «Education Leadership, Organizations, and Entrepreneurship» бағдарламасын меңгереді.
– «Гарвард студенттерінің 15 мотивациясы» жатақханадағы бөлмемде ілініп тұратын. Қиналған сәттерде маған күш беретін. Құжаттарымды тапсырғанда қорқыныш сезімі болғанын жасырмаймын, бірақ алған білімім, еңбегім, өзіме деген сенімім маған жаңа мүмкіндіктер ашты, – дейді NIS түлегі.
Әсел Амангелдінің мақсаттары айқын. Ол оқуды сәтті аяқтап, Қазақстанға оралғасын мектеп ашуды көздеп отыр. Сондай-ақ ауылдағы білім ордаларының сапасын жақсарту үшін де жұмыстануға ниетті.