Баспасөз-қызметі
Германиядағы ACQUIN-нің штаб-пәтерінде Күләш Шәмшидиноваға NIS Педагогикалық шеберлік орталығын жаңа сертификаттау туралы куәлік табысталды
Германияның Байройт қаласындағы ACQUIN-нің штаб-пәтерінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиноваға Педагогикалық шеберлік орталығының жаңа жетістігі туралы куәлік табыс етілді. Бұл – мұғалімдердің кәсіби дамуындағы «Мектеп командасы: тиімді басқару және білім беру сапасы» атты өзекті бағдарламасын шартсыз сертификаттау.
Мюнхен қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Денис Рогов NIS-ті жаңаша танылуымен бірінші болып құттықтады.
ACQUIN аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының жоғары стандарттары мен Педагогикалық шеберлік орталығының кәсіби жетістіктерін мойындады.
ACQUIN бағдарламалық және институционалдық аккредиттеу бөлімінің басшысы Ясмин Рудольф NIS-тің Қазақстанды әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялағанын ерекше атап өтті.
Педагогикалық шеберлік орталығы отандық қосымша кәсіптік білім беру жүйесінде бірінші болып сыртқы сараптамаға арналған авторлық бағдарламаларды ұсынды. Жаңа танылу ПШО-ның үш жыл бойы беделді еуропалық агенттікте өтіп жатқан маңызды аккредитацияларының ауқымды сериясын жалғастырды. ACQUIN өкілдері Педагогикалық шеберлік орталығының барлық бағдарламалары шартсыз сертификаттаудан бірден өткенін айтты. Міндетті сыртқы бағалау стандарттары сапа саясатына сәйкестігін, бағдарламаларды әзірлеу мен бекітудің ашық және стандартталған рәсімдерін, оқыту мен бағалаудың жоғары деңгейін, тренерлер құрамының абсолютті кәсібилігін, тұрақты ресурстық базаны және жүйелі мониторингті қамтиды.
Педагогикалық шеберлік орталығының табысты дамуының келесі кезеңінде институционалды аккредиттеуден өту жоспарлануда.