Баспасөз-қызметі
NIS-те әдістемелік бірлестік жетекшілеріне жазғы тренинг өткізілді
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Білім беру бағдарламалары орталығы «NIS-Programme»-ды жетілдіру аясында тренинг өткізді.
«NIS-Programme оқу бағдарламасы шегінде негізгі мектептің қайта қаралған оқу бағдарламаларын жүзеге асыру» тақырыбындағы үш күндік тренинг жаңартылған оқу бағдарламаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ мұғалімдердің оны тиімді іске асыруына ықпал ететін әдіс-тәсілдер туралы білімдерін қалыптастыруға бағытталды. Сонымен бірге жобалық-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді әдістері, STEM оқытудың ерекшеліктері, коммуникативті тәсіл, проблемалық оқыту, мұғалімдердің оқу, математика, жаратылыстану, цифрлық және медиа сауаттылығын қалыптастырудың тиімді әдістері мен тәсілдері қарастырылды. Оған 220-ға жуық әдістемелік бірлестік жетекшілері қатысты.
Тренингтің үшінші күнінде әдістемелік бірлестік жетекшілері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозинмен және Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдинамен кездесті.
– Жаңа оқу жылында біз оқу бағдарламаларына жаңа тәсілдер енгізіп жатырмыз, олардың негізгі мақсаты – білім беру мен тәрбиелеу үдерістерінің өзара байланысын қамтамасыз ету. Кейде біз бұл процестерді бөлек қарастырамыз. Мұғалімдер білім беруге жауапты болса, тәрбиемен көбінесе кураторлар мен психологтар айналысады. Бұл, әрине, дұрыс емес, себебі баланың дамуына қатысты кез келген бағытқа мектеп қауымдастығының барлық мүшелері жауапты. Сондықтан ұстаздар да жаңа бағдарламада қарастырылған білім беру арқылы әрбір сабақта негізгі құндылықтарды қалыптастырады, – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.
Айта кетейік, жаңартылған оқу бағдарламалары 2023-2024 оқу жылында 7-сыныптан бастап енгізіледі.