Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектептердің оқушылары Rise Global жеңімпаздары атанды
Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Елнар Салпеков және Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен ағайынды Асанәлі Кәрім мен Диасәлі Кәрім беделді «Rise Global for the World» халықаралық байқауының жеңімпаздары деп танылды.
«Rise» – 15-17 жас аралығындағы дарынды оқушыларды қолдау мен олардың жобаларын дамытуға арналған жаһандық бастама. 3 жыл ішінде бағдарламаға 430 мыңнан аса өтінім жіберіліп, тек 300 талапкер Rise Global Winner мәртебесін иеленді.
Жеңімпаздарға әлемнің кез келген университетінде оқуға арналған толық стипендия ұсынылып, тұрғылықты орындарының қаражаты төленеді. Сондай-ақ зияткерлер жергілікті қауымдастықтардағы немесе бүкіл әлемдегі күрделі мәселелерді шешу жолында инновациялық идеялармен тәжірибе жасау үшін қаржыландыруға өтініш бере алады.
2022 жылы Нью-Йоркте өткен «International History Olympiad» байқауында жеңіске жеткен Қазақстанның тұңғыш өкілі Елнар жетістіктері және әлеуетімен Rise бағдарламасының назарын өзіне аударды. Сондай-ақ 2020 жылы Елнар досымен бірге жеміс чипстерін шығаратын стартаптың негізін қалады. Rise байқауына Елнар жасыл дренаж саласындағы инновациялық жобасын ұсынды. Бұл жоба табиғаттағы су айналымы қағидатына негізделіп, қаладағы су тасқыны қаупін азайтуға және су ресурстарын ластанудан қорғауға бағытталған. Болашақта Елнар осындай қондырғыларды бүкіл әлемге енгізіп, сол арқылы қоршаған орта мәселелерін шешуге өз үлесін қосуды мақсат етеді.
Ал Асанәлі мен Диасәлі – «Turaqty Jol» экологиялық идеялар мен жобалар республикалық байқауының, «Eco-Hackathon» республикалық бизнес-идеялар конкурсының жеңімпаздары, сондай-ақ республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері. Rise байқауына Асанәлі Қазақстанда және жаһандық ауқымда табиғи ортаны сақтауға бағытталған технологиялық бастаманы жолдады. Келешекте ол жасыл ортаны құруға ықпал ететін инновациялық жасыл технопарк құруды жоспарлап отыр.
– Қазақстан пайдалы қазбаларға тәуелді. Бүгінде елімізде жасыл экономиканы дамытып, баламалы энергия көздерін табу маңызды. Біз жел энергиясына үлкен көңіл бөлеміз, себебі оның мүмкіндігі қазіргі энергиядан да анағұрлым жоғары. Біз жел энергиясының әлеуетін көргендіктен, құрылғымыздың әлеуетін арттырып, жұмысымызды осы бағытта жалғастырамыз, – дейді Асанәлі.
Диасәлінің жобасы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайларда қолдауды қажет ететін әлеуметтік осал топтағы адамдардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Бастама аясында ол елдегі адамдармен және әртүрлі ұйымдармен жұмыс істеп, өзінің платформасын дамытты:
– Біздің жобаларымыз жасыл технология және адамдардың өмірін жақсартумен байланысты. Басты мақсатымыз – қалаларды жасылдандырып, инфрақұрылымын жақсарту, оны тұрғындарға ыңғайлы ету, – деп бөлісті Диасәлі Кәрім.
Айта кетсек, жаһандық бағдарламаға қатысу барысында зияткерлер түрлі жобалармен жұмыс істеді, басқа талапкерлерді бағалады, командалық жұмыстарды орындап, сұхбаттар мен сынақтардан өтті.