Баспасөз-қызметі
Қостанайдағы NIS оқушылары халықаралық ұлттық тағамдар кітабына құрт пен қымыз рецептерін енгізді
Құрт пен қымыз рецептері халықаралық ұлттық тағамдар кітабына енеді. Бұл Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Францияның Полиньи қаласындағы Collège Jules Grévy оқушыларының бірлесіп жасаған жобасы арқасында мүмкін болды. Олар атақты химик және микробиолог Луи Пастердің 200 жылдығына арналған «Пастер-Ферментация» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылған онлайн-конференцияда жүздесті.
– Біз жаңа адамдармен танысып, биология, химия және басқа да салалардағы білімімізді кеңейттік. Жоба мәдени алмасу мен ғылыми зерттеулер жасауға септігін тигізді, сондай-ақ біз үшін Францияны, біздің жаңа достарымыз үшін Қазақстанды ашты, – деп атап өтті 9-сынып оқушысы Дария Шунушева.
Жоба аясында оқушылар химиялық өзгерістер туралы жаңалықтармен танысып, ірімшік пен сүт ашытқысын дайындаудағы ферменттеу процестерін зерттеді, алынған нәтижелерді шетелдік замандастарына түсіндірді. NIS оқушылары қазақ дастарханының символына айналған құрт пен қымыздың жасалу жолдарымен бөлісіп, франциялық оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Алдағы уақытта рецепттер халықаралық ұлттық тағамдар кітабына енгізіледі.
Соңғы онлайн-конференцияға Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс, сондай-ақ Collège Jules Grévy оқытушылары қатысты. Дидье Канесс Қостанайдағы NIS өкілдеріне бірлесіп жасаған нәтижелі жұмыс үшін алғыс білдіріп, одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді.