Баспасөз-қызметі
Ақтаудағы NIS оқушылары Digital Bridge форумында өз жобаларын таныстырды
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас стартаперлері Астананың EXPO Көрме орталығында өткен халықаралық Digital Bridge IT-форумында өздерінің үздік жобаларын таныстырды.
Камила Қуатова, Данил Мухалев және Шоқан Уәлиханов мектебінің оқушылары Эйлана Шалаева, Камила Жанділдаева және Сахи Әбдіжапаров бірегей «АМЅ» жобасын ұсынды. «АМЅ» – бұл құрылыс объектілері мен мұнай-газ кәсіпорындарының бақылау өткізу пунктерін автоматтандыру жүйесі.
– Біздің өнертабысымыз бет-әлпетті тану арқылы күнделікті ауысым алдындағы тексерулер мен есеп бөлімі үшін цифрлық табельдерді жүргізеді, қандағы алкоголь деңгейін, дене температурасын, тамыр соғысын анықтайды. Сондай-ақ AMS-визуалды бақылау камерасы қызметкердің жұмысқа деген ынта-ықыласын түсінуге мүмкіндік береді, – деп бөлісті Камила Қуатова.
Айта кету керек, оқушалар табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы ірі компания – Eurasian Resources Group қызметіне бұл жүйені енгізді.
Ал аяқталмаған тұрғын үй кешенінде виртуалды тур жасауға мүмкіндік беретін жобаны Ақтаудағы NIS оқушылары Айсұлтан Бақтығали, Нұргелді Есенгелді, Расул Абуов Шоқан Уәлиханов мектебіндегі достары Ілияс Оразғалиев, Арлан Марат және Әмірхан Асетовпен бірлесіп жүзеге асырған. Жоба «qMeta» деп аталады және VR-көзілдірігі арқылы жұмыс істейді.
– Кез келген клиент пәтердің іші мен сыртын, орналасқан орны мен дизайнын VR-көзілдірігі арқылы көре алады. Жобаға кіріспес бұрын өңірдегі құрылыс компаниясынан ұсыныс түсті. Виртуалды тур жасау платформасын әзірлеуді биыл мамыр айында бастадық және бұл стартап жақсы нәтижелер көрсетуде, яғни сатылымның өсуі мен сатып алушыларды тартуға ықпал етуде, – дейді Айсұлтан Бақтығали.
Оқушылардың батыл қадамдар жасауында тәлімгерліктің маңызы зор. Ақтаудағы NIS-тің информатика пәні мұғалімі Мәди Медет жас стартаперлерге 3 жылдан бері жетекшілік етеді және оларды мақтан тұтады:
– Команда құрудағы менің басты міндетім – жаңашылдыққа жаны құмар әрі ғылыми және IT жобаларға қызығатын балаларды жинау, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру еді. Команда мүшелерінің бәрі жан-жақты, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Мен үшін тәлімгерліктің басты миссиясы – ізбасарлардың мінезін қалыптастыру.
Айта кетсек, екі күндік Digital Bridge IT-форумына 20 мыңнан аса адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар.