Баспасөз-қызметі
NIS оқушысы беделді Rise Global байқауында жеңіске жетті
Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ұлжан Хамидолла «Rise Global for the World» беделді халықаралық байқауының жеңімпазы атанды.
Rise – 15-17 жас аралығындағы дарынды оқушылардың әлеуетін арттыруға бағытталған бірегей халықаралық бастама. Rise жеңімпаздарға әлемнің кез келген университетінде оқу үшін төрт жылдық стипендия, сондай-ақ жаһандық деңгейде жобаларды дамыту грантын ұсынады.
Ұлжан әлемнің түкпір-түкпірінен ұсынылған мыңнан аса өтінім ішінде үздік жүздікке ілігіп, осы байқауда жеңіске жеткен қазақстандық қыздардың алғашқыларының бірі болды. Бұл жетістік оның жас зерттеуші екенін айқын растап отыр. Бұған дейін Ұлжан халықаралық олимпиадалар мен байқауларда жеңіске жеткен еді. Ол – 2023 жылы Грецияда өткен Халықаралық экономикалық олимпиаданың қола жүлдегері, IEOxWinterChallenge олимпиадасының күміс және қола жүлдегері, сондай-ақ Ұлжан 2022 және 2023 жылдары «Infomatrix-Asia» Халықаралық компьютерлік жобалар байқауында екі рет алтын медальмен марапатталған.
Еске салсақ, өткен жылы елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің оқушысы Елнар Салпеков пен Көкшетаудағы NIS-тен ағайынды Асанәлі Кәрім мен Диасалі Кәрім беделді Rise Global for the World – 2023 байқауының жеңімпаздары деп танылды.