Баспасөз-қызметі
Тәжікстандық делегация елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-те болды
Тәжікстанның Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің елордаға сапары Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте жалғасты.
Мектеп директоры Әсел Бейсембина шетелдік делегацияны білім ордасының тыныс-тіршілігімен, жетістіктерімен таныстырды, соның ішінде 2023 жылы Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) қайта аккредиттеуінен сәтті өтіп, NIS-тің білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті екенін растағанын атап өтті.
Экскурсия барысында тәжікстандық әріптестерге оқушылардың ғылыми жобалары ұсынылды. NIS оқушысы Даниял Искаковтың су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған өнертабысы меймандардың ерекше қызығушылығын тудырды.
– Су тапшылығы – Орталық Азиядағы өзекті мәселелердің бірі. Мен тұрғын үй кешендеріндегі қарды ерітіп, суды техникалық мақсатта пайдалануды ұсындым, – дейді оқушы.
Бұл құрылғының бағасы 390 000 теңге. Даниялдың өнертабысы биыл республикалық ғылыми жобалар байқауында 3-орынға ие болды, сонымен қатар астаналық құрылыс компанияларының бірі бұл бастамаға қызығушылық танытып отыр.