Баспасөз-қызметі
Тәжікстан NIS тәжірибесін зерттеуге ниетті
Душанбеде білім беруді дамыту бағытында мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың бірлескен Кеңесі өтті. Ауқымды жиында тәжікстандық әріптестерге оқу-ағарту сапасын арттыру бойынша NIS тәжірбиесі таныстырылды.
Кеңес қатысушылары NIS-тің 15 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне жету жолы мен стратегиялық маңызды сұрақтарына жауап алды. Телекөпірге қатысқан «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин аз уақыт ішінде брендке айналған ұйымның табысты дамуына дербестігі мен басқару шешімдерінің еркіндігі себеп болғанын айтты. Сонымен бірге ол Үкімет мүшелерінен құрылған Қамқоршылық кеңестің стратегиялық серіктестерді таңдау құқығын беруі де NIS-тің биік белестерді бағындыруына мүмкіндік берген. Ұйымда 10 жылдан аса уақыт табан ауыстырмай қызмет етіп жүрген мамандардың да орасан еңбегі де тілге тиек болды.
Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылған сәттен жай ғана мектеп емес, әлемдегі ең ұтымды тәжірибелерді бейімдеп, оларды отандық оқу-ағарту саласына тарататын білім беру экожүйесі ретінде қалыптасты. Қазақстанның PISA-2022 халықаралық рейтингінде математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 мемлекет қатарына енуі де Зияткерлік мектептердің ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.
– Өңірлер бөлінісінде Атырау облысының оқушылары айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Мұнда математика бойынша нәтижелердің өсуі 23 баллды, оқу бойынша – 34 баллды және ғылым бойынша – 45 баллды құрады. Бұл облыс әкімдігі мен NIS сарапшыларының бірлесіп іске асырған жобасының нәтижесі, – деп атап өтті Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин. Сондай-ақ, орталық директорлары өз презентацияларын ұсынды.
Тәжікстан делегациясы келесі аптада NIS тәжірибесімен офлайн танысу үшін Қазақстанға келеді деп күтілуде. Айта кету керек, NIS халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Әр түрлі елдердің делегациялары Зияткерлік мектептерге тәжірибені зерттеуге де, оқу үшін де келеді. Айта кетейік, 24–25 ақпан күндері NIS тәжірбиесі Душанбеде білім саласының топ-менеджерлеріне таныстырылған болатын.