Түлектер NIS-ті сан ғасырлық тарихы бар арман мектептерге айналатынына сенімді

Түркістанда алғаш рет өткен «SAMGAU» форумына Шымкенттегі химия-биология және физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептерінің түлектері келді. Корпоративтік қордың аға менеджері Асем Жакупова «Giving» тұжырымдамасының мәнін түсіндіріп, «Alumni NIS» қауымдастығының бірқатар жобасын таныстырды.

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің 2016 жылғы түлегі Сымбат Қаңлыбай түркістандық зияткерлерге қолайлы мүмкіндікті жіберіп алмас үшін «жоқ» деген сөзді қолданбауға кеңес берді:

Алдарыңа келген қандай да бір мүмкіндік болмасын «жоқ» деген сөзді қолданбаңыздар. NIS-тің берген барлық білім ресурстары мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. Себебі мектеп қабырғасында жасалған әрбір жетістігің – ертеңгі болашағыңа деген нық қадам.

NIS еліміздің дамуына үлес қосу үшін құрылды, – деп атап өтті Петропавлдағы Зияткерлік мектептің директоры Данияр Уәлиев.

Форумда Түлектер қауымдастығы NIS Challenge, «Talim» менторлық бағдарламасы, «Beles» және «Ayaldama» жобаларын іске қосты. Alumni NIS амбассадоры Меруерт Ерлеш қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндады.

Даниил Огнев (The Chinese University of Hong Kong Artificial Intelligence), Елдос Сатыбалдинов (Жоғары медицина мектебі), Асхат Қайрат (Назарбаев Университеті), Әлихан Калибаев (Қазақстан-Британ техникалық университеті), Аяжан Мамрина (Сүлейман Демирель университеті), Абай Қалымтай (ҚазҰМУ), Гүльназ Саймолдина (ҚазҰМУ), Айгерим Жұманалина (Қазақстан-Британ техникалық университеті) Көкшетау қаласындағы Зияткерлік мектептің қабырғасында ғана емес, өз университеттерінде де үздік болуда. Олардың қатарында тұңғыш Президент қоры стипендиясының иегері, Еуропалық травматологтар мен ортопедтер кеңесінің мүшесі, Қазақстандық жас стоматологтар қауымдастығының тең құрылтайшысы, Халықаралық стоматологтар қауымдастығының вице-президенті, «ТМД-ның үздік жас ғалымы» атағының иегері, сондай-ақ халықаралық деңгейде сертификатталған волонтерлер және басқа да жетістікке жеткен түлектер бар.

Мен сүйікті мектебіме оралғаныма өте қуаныштымын, қатты сағыныппын! Оқушылардың өз мақсаттарына жетуіне және армандарының орындалуына тілектеспін, – деп бөлісті 2019 жылғы түлек Айгерім Жұманалина.

Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектепте өткен «SAMGAU» форумында 120-дан астам түлек кездесті. Олардың барлығы ел және әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарынан шақырулар алды – Pusan, KAIST, City U, МГИМО, Мюнхен техникалық университеті және т.б.

Қазір мен IT және білім саласын ұштастыратын стартаппен айналысудамын. Бастамамды жүргізуде мектептен алған дағдыларым көп көмегін тигізуде. Ұстаздарыма үлкен алғыс. Зияткерлерге айтарым, мектептегі кезді бағалаңыздар, себебі басқа жерде дәл осы оқу ордасындағыдай сізге ешкім көңіл бөліп, түсіністікпен қарап, жылы шырай танытпайды, – дейді 2016 жылғы түлек Жан Көкешов.

– NIS – мені тұлға ретінде қалыптастырған өмір мектебі. Бұл жерде алған дағдыларым мен білімім маған өмір бойы көмектеседі.⠀Форум нетворкинг түрінде түлектерді өзара байланыстыруға арналған деп есептеймін.⠀Мен МГИМО-да халықаралық қатынастар бағытында оқитындықтан, осы секцияда сөз сөйледім, – деп бөлісті 2019 жылдың түлегі Еркебұлан Орынбасар.

NIS-тің қосымша білім беру педагогтері сурет салу мен хореографиядан шеберлік сағаттар ұйымдастырды. Кейін оқушылар мен мұғалімдер, түлектер өзара жарысып, волейбол мен футбол алаңдарында жүздесті.

Биыл Ақтөбедегі NIS-ке – 10 жыл. Түлектер сүйікті мектебіне сан ғасырлық тарихы бар мәртебелі білім орда болуына тілекші екендерін жеткізді.