Баспасөз-қызметі
Жас биоинженерлер мен технологтар көмекші роботтарын Наурыз кездесулерінде таныстырды
Наурыз кездесулері аясында өткізілген ғылыми жобалар көрмесінде Көкшетау қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Данара Бағауова дауыспен басқарылатын автоматтандырылған медициналық кереуетті ұсынды:
– Бұл үлгіні пайдалану денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетеді, сонымен қатар біреудің көмегіне жүгінбей, тәуелсіз болуға мүмкіндік береді. Белгілі бір команда беру арқылы кереуетті отыру немесе жату күйіне келтіруге болады.
Оралдағы NIS оқушысы Мейірбек Шәміштің «Өткір көз» атты робот көмекшісі көз ауруларының алдын алуға көмектеседі. Ол компьютер пайдаланушысы мен монитор арасындағы қашықтықты бақылап, үзіліс туралы еске салып отырады және қажетті емдік жаттығуларды ұсынады.
Елордада бастау алған Наурыз кездесулерінде оқушылар медицинаның әртүрлі салаларына жасанды интеллект енгізуге арналған жүзден астам ғылыми жобасын таныстырды.
– Соңғы уақытта жастар арасында робототехникаға ерекше қызығушылық байқалады. Балалар жастайынан ақылды роботтар жасауды үйреніп, 12-сыныпқа келгенде үлкен жаңалықтар ашуда. Бүгін жас өрендердің ұсынған өнертабыстарының басым бөлігі мұқтаж жандарға, соның ішінде көру, есту қабілеті бұзылған және жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен адамдарға арналатыны мені қатты қуантады, – деп бөлісті Кездесулердің қазылар алқасы мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанат Мұқатаева.