Баспасөз-қызметі
Тірек мектеп: жайлы білім беру ортасы, жаңа мүмкіндіктер, бақытты балалар
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы Ақсай мектебінде «Қазақстан халқы» қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» әлеуметтік жобасы бастау алды.
Жобаның стратегиялық мақсаты – тірек мектептерінің мұғалімдері мен оқушыларын оқытуға арналған «жайлы мектеп» құру, ең бастысы – білім беру сапасын көтеруге, үздік педагогикалық технологияларды, білім беру ортасын толықтай жаңа қалыпта енгізуге, заманауи материалдық-техникалық базаны жасауға үлес қосу. Жабдықтауға «Қазақстан халқына» қорының аясында 249,8 миллион теңгеге жуық қаржыландыру жүзеге асырылды.
– Мектебіміз расымен «жайлы ортаға» айналды. Себебі бұл жоба бізге сапалы білім беруге, оқушыларды тәрбиелеуге, педагогикалық ұжымның әлеуетін дамытуға, мектепте қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуге көмектесті. Біздің ұжым үшін бұл – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырып, мектептің тәжірибесін жетілдіруде тамаша мүмкіндік. Осы бастаманың бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз, – дейді мектеп директоры Гүлмира Сембиева.
Мектеп 27 оқу кабинетімен және қосымша білім беру шеберханаларымен жабдықталған: STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, зияткерлік холл, оқу шеберханалары, заманауи инновациялық кітапхана. STEM-зертхана оқушылардың математика, инженерия, сандық технология және жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдерін кеңейтуге бағытталған. ART-студия мен робототехника кабинеттерінің пайда болғанына балалар өте риза, мұнда шығармашылық тұрғыдан дамуға, эмоционалдық тұрғыдан күш алуға, сондай-ақ өзіндік идеяларын жүзеге асыруға болады және бұл оқу үдерісінің барлық қатысушыларына оң серпіліс береді. Сонымен қатар Ақсай мектебінің енді жеке телестудиясы бар, бұл мұғалімдер ұжымына өздерінің және мектептің тәжірибесін батыс өңіріндегі басқа мектептерге таратуға, цифрлық технологиялар саласындағы біліктіліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.
Жобаның бас серіктесі – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бүгінде тірек мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасына талдау жүргізіп, мұғалімдердің кәсіби қиындықтары мен қажеттіліктерін анықтады, білім сапасын арттыру, оқытудың заманауи технологияларын енгізуге ұсыныстар әзірлеп, мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстарының жүйелі жоспарын құрды. Оралдағы NIS-те Ақсай мектебінің мұғалімдері барлық пәндерден тәжірибелік тағылымдамадан өтті.
– Тірек мектеп мұғалімдерін қолдауды ғылыми-әдістемелік және сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеуді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының жобалық тобы жүзеге асырады. Бұл өңірде жетекші тірек мектептерінің желісін құрастырудағы алғашқы бастама болды, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарушы директоры Айгүл Қазжанова.