Баспасөз-қызметі
Ақтөбедегі NIS-те көшбасшылар форумы өтті
Ақтөбедегі NIS-те «You lead – іргелі істер бастамасы» атты оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы көшбасшыларының форумы өтті. Дәстүрлі шара биыл оныншы рет ұйымдастырылды және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 15 жылдық мерейтойына арналды. Форумға NIS Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов қатысты.
– Сіздердің көзқарастарыңызды ескере отырып, оларды жұмысымызға қосу арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз. Бір отбасыдай бірігіп шешім қабылдап, берік негізге сүйене отырып, ортақ мақсаттарға жетуден таймаңыздар. Форумның басты идеясы – әр көшбасшының өз қағидаттарын командасына, артынан ерген зияткерлерге насихаттауы, – деп атап өтті Сабыржан Өміртайұлы.
Екі күндік форумға түрлі саланың көрнекті мамандары, сондай-ақ Зияткерлік мектептердің түлектері қатысты. Жасанды интеллект саласындағы жетекші қазақстандық сарапшы Айдын Маутхан мен өңірге танымал журналист және медиа-жаттықтырушы Әсел Довгалюкпен кездесу ұйымдастырылды. Талдықорғандағы NIS түлегі Дінмұхамед Шахман Канададан байланысқа шықты. Халықаралық компанияның маманы ретінде сөз сөйлеп, табысқа жетудегі өз тәжірибесін бөлісті.
Форум қатысушылары жеке және командалық тиімділікті дамыту үшін қажетті тәжірибелер мен дағдыларды талдады. Әр Зияткерлік мектептің көшбасшылары түрлі бағыттағы үздік жобаларын ұсынып, бастамалар мен тапсырмаларды шешудің креативті тәсілдерін көрсетті.
Көшбасшылар экология мәселелерін шешу үшін волонтерлік қызметті дамытуға бағытталған екі эко-жоба құрды. Сонымен қатар патриоттық бағыт секциясында ұлттық бірегейлікті нығайтуға және еліміздің мәдени мұрасын сақтауға бағытталған негізгі тақырыптар талқыланды. Мысалы, білім беру жүйесіне ұлттық мәдениетті енгізу, жастар арасында қазақ ұлттық киімін киюді трендке айналдыру, ұлы тарихи тұлғаларды танымал ету үшін насихаттаудың заманауи әдістерін қолдану.
Пікірталас алаңында көшбасшылар NIS оқушыларының патриоттық, зияткерлік, физикалық, мәдени дамуында өзін-өзі басқару ұйымының қосар үлесін талдады.