Баспасөз-қызметі
Ақтөбеде NIS әдістемелік тәсілдерін қолданатын ауыл мектептерінің қатары артады
Биыл еліміз бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әдістемелік тәсілдерін қолданатын ауыл мектептерінің саны 63-ке дейін артады.
Олардың 12-сі Ақтөбе өңірінде орналасқан. Алдағы 3 жылда ауылдық тірек мектептердің саны 200-ге дейін жетеді. Бұл жөнінде бүгін «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» жобасының таныстырылымында NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин мәлімдеді.
Ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтықты азайту NIS-тің маңызды стратегияларының бірі. Осы бағыттағы жұмыстар 2020 жылдан бері қарқынды жүргізіліп келеді. Бастапқыда 14 мектеп Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әдістемесімен оқыса, 2022 жылдан бастап республикалық маңызы бар ауқымды жобаға айналды. Бүгінгі таңда «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры мен «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауыл мектептеріндегі оқу құралдарын жаңа сандық технологиялармен жабдықтауға қомақты қаржы бөлінуде.
– Зияткерлік мектептер тарапынан мұғалімдерге жүйелі әдістемелік көмек көрсету, кәсіби қажеттіліктері мен оқыту жетістіктерін анықтау мақсатында мониторинг жүргізу, мектепте қолайлы орта құру және жаңа оқу құралдарымен толық жабдықтау жүзеге асуда. Қазір «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы өзінің нәтижесін беріп, ауыл мектептеріндегі оқу-ағарту саласына тың серпін беріп отыр. Пәндік білім бойынша шығу мониторингінің қорытындысы 4-сынып оқушыларының математика және қазақ тілі пәндері бойынша үлгерімінің артқанын көрсетіп отыр. Ал 8-сынып оқушылары арасында 9 пәннің 7-еуі бойынша оң динамика бар, - деді ол.
Сонымен бірге Басқарма төрағасы тірек мектептердің мақсатын айқындау, мектептің білім сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін мектеп миссиясын ұжымның көзқарасына сай құрастырудың маңызына тоқталды. Оның сөзінше, оқушыны оқыту мен тәрбиелеуде мектептің нақты құндылықтар жүйесін қалыптастыру, оны барлық ұжымға, оқушылар мен ата-аналарға, қоғамға тарату да өзекті мәселе.
– Жоба аясында тірек мектептердің басшыларымен Назарбаев Зияткерлік мектептері кездесіп, миссия мен құндылықтарды анықтап, бекіткен болатын. Осы миссия мен құндылықтар және де әрбір тірек мектептің басымдықтары негізінде мектепті дамыту жоспарлары әзірленуде,-деді Ә.Жанғозин.
Сонымен бірге ол орта мектептердегі білімді жетілдіру мен инновациялық ортаны қалыптастыру үшін заманауи инфрақұрылыммен қамту маңызды екенін айтты. Ол үшін орта мектептер заманауи технологиялар, зертханалар, кітапханалар және зерттеу мен өнертапқыштарға арналған шығармашылық кабинеттермен жабдықталуы тиіс.
– Ауыл мектептері «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауымен STEM, ғылыми зертханалармен жабдықталуда. Бұл жұмыстың нәтижелерін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Кейбір ауылдық мектеп оқушылары инженерия, робототехника және заманауи технологиялар сияқты әртүрлі жобалармен жұмыс істей бастайды, – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ Басқарма төрағасы оқушылар үшін инновациялық және өнімді орта құруға бизнес қауымдастықтың қолдауы мен көмегі қажет екенін айтып, орта білімді қолдауға шақырды.
Ауқымды шарадан кейін NIS Басқарма төрағасы мен жиын қатысушылары Ақтөбедегі Бадамша селосына барып, «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының аралық нәтижелері туралы таныстырылымға қатысты.
Еске салайық, бұған дейін Астана, Петропавл, Атырау және Ақтөбе қалаларындағы Зияткерлік мектептердің 22 мұғалімі Бадамша, Хромтау тірек мектептеріне әдістемелік көмек көрсетті.