Баспасөз-қызметі
Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылында тірек мектепті жаңғыртудың алғашқы нәтижелері таныстырылды
Ақтөбе облысындағы Алға ауданының Бестамақ ауылында «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» республикалық жобасы аясында жаңғырту жұмыстарының алғашқы нәтижелері таныстырылды.
27 оқу сыныбы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, телестудия, спорт залы, бейнелеу өнері және технология кабинеттері жасақталды, кітапхана оқырмандарды жаңартылған форматта қарсы алуда. Робототехника кабинеті мектеп оқушыларының үлкен қызығушылығын тудырды, онда алғашқы жобалардың бірі – биші робот ұсынылды. STEM зертханасында жаңартылған конструктор негізінде балалар өздерінің бағдарламаларын әзірлейді, кодтаумен айналысады. Бастауыш сыныптардың оқу кабинеттері оқушылардың бойларына қарай реттелетін отандық өндірістегі оқу парталарының болуымен ерекшеленеді. Кішкентай зерттеушілер құрылғылары бар түрлі-түсті ұялы жәшіктердің көмегімен табиғат құбылыстарын зерттей алады.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қазіргі уақытта елімізде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» стратегиялық ұлттық жобалары іске асырылып жатқанын атап өтті. Өңірдегі тағы бірнеше ауданда Зияткерлік мектептермен ынтымақтастық орнататын тірек мектептер пайда болады деп жоспарлануда.
– Ең алдымен, функционалды сауаттылық және сыни тұрғыдан ойлау бойынша жұмыс істеу керек. Білім сапасын арттыру үшін мұғалім өз тәжірибесін тексеруі керек: «Мен қандай нәтижеге қол жеткіздім?», «Қандай кемшіліктер болды?», «Мен дұрыс баға қойып жатырмын ба? Неліктен?», «Қандай тақырыптар қиын?». Сондықтан біз мұғалімдерді де, мектеп басшылығын да оқытамыз, оқушылардың біліміндегі динамиканы талдау үшін кіріс мониторингінен бастаймыз, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
– Жобаның басталғанына үш ай ғана уақыт өтсе де, мектептің қаншалықты өзгергенін көріп отырмыз. Осы аралықта біз Ақтөбе қаласындағы NIS және Педагогикалық шеберлік орталығымен белсенді ынтымақтастықта болдық. Мұғалімдеріміз бағалау, оқыту әдістері және оқушылармен жұмыс жасау салаларында жан-жақты қолдау алады. Осы жобаның арқасында біздің тәрбиеленушілеріміз Зияткерлік мектеп оқушыларымен араласа бастағанына қуаныштымын. Алдағы уақытта олар бірлесіп түрлі жоба жасайтынына сенеміз, – дейді Бестамақтағы мектеп директоры Анара Истегулова.
– Ауылда сапалы білім алуда мектептерге балама жоқ, сондықтан да біздің тірек мектептерді жаңғырту және олардың тәжірибесімен бөлісудегі жобамыз өте өзекті, – деп атап өтті Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
«Қазақстан халқына» қоры тірек мектептерді жаңғыртуға 250 миллион теңгеге жуық қаражат бөлді