Баспасөз-қызметі
Ақтөбе қаласындағы NIS-те өкілдері Асқар Жұмаділдаевпен жүздесті
Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушыларына математика және жалпы ғылымға қалай келгенін айтып берді.
Ақын болуды армандаған бала Асқардың физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі атанғаны жайлы оқиғасы оқушылар мен ұстаздардың ерекше қызығушылығын тудырды. Асқар Жұмаділдаев Мәскеу мемлекеттік университетіне түсу кезіндегі қызықты сәттерді еске алып, өзінің ой-толғауларымен бөлісті, жеке өмірі туралы сауалдарға жауап берді.
– Математиканы таңдауға қорықпаңыздар, себебі қай нәрсеге де математикалық білім керек. Ол – барлық ғылымның тілі. Оқудан талмаңыздар, талаптанып, күнделікті ізденісте болыңыздар! – деп академик оқушыларды Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігіне қол жеткізу үшін тынымсыз еңбек етуге шақырды.
Асқар Жұмаділдаев республикалық физика-математика мектебін бітірген. 1990 жылдан Математика институтында алгебра лабораториясының меңгерушісі. Жұмаділдаевтің негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол «Төрткен» және «Төртқара» алгебрасын ойлап тапты. Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры болды. Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, сондай-ақ Италиядағы А.Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында, Канададағы Фильдс атындағы Математика институтында қызмет атқарып, дәріс оқыған.