Баспасөз-қызметі
Ақтаулық директорлар компьютерлік симуляторда мектептің табысты моделін жасады
Ақтау қаласындағы NIS-те заманауи мектептің табысты моделін компьютерлік тренажер арқылы Маңғыстау облысының білім беру құрылымдарының директорлары мен орынбасарлары әзірледі.
NIS Педагогикалық шеберлік орталығының командасы EdCrunch Academy-мен бірлесіп жасалған «Білім беру ұйымын басқару» виртуалды симуляторын таныстырды.
Қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес білім ордасының үздік моделін Тұпқараған ауданындағы Баутин ауылының М. Горький атындағы мектеп-лицейі басшылары жасақтады.
– Симулятордың ерекшелігі қандай да бір шешім қабылдасаң, екінші рет шешім шығару мүмкін емес. Сондықтан қарар қабылдамас бұрын ойланып, оған сенімді болу керек екен. Бұл басшыға керекті ең маңызды кәсіби дағды, – дейді мектеп-лицей директоры Жарасхан Ниязбаева.
Шетпе ауылының №7 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мансұр Ордабаев жаңа цифрлық платформаның білім беру жүйесіндегі өзектілігін ерекше атап өтті:
– Басшының табысты қызметіндегі қажетті стратегиялық басымдықтар мен ерекшеліктер нақты анықталған.
«Білім беру ұйымын басқару» компьютерлік симуляторының кезекті таныстырылымы Ақтөбе қаласында өтеді деп жоспарлануда.