Баспасөз-қызметі
Ақтаудағы NIS-те «Caspian Start-Up – 2024» халықаралық байқауы қорытындыланды
Финалдық кезеңнің қатысушылары «Экологиялық мәселелерді шешудегі инновациялық идеялар» тақырыбындағы IT-стартаптарын ұсынды. Байқауға барлығы 215 өтінім келіп түссе, ақтық кезеңге ең үздік 16 жоба таңдалды.
– Жыл сайын жобаның ауқымы кеңейіп жатыр, алдағы уақытта да осы сынды байқауларға үлкен назар аударылса екен деймін. Өйткені елімізде IT-саласы қарқынды дамуда, бәсекелестік артып келеді, – деді Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектеп директоры Ринат Жұмабаев.
«Caspian Start-Up-2024» халықаралық байқауына Ақтаудағы Зияткерлік мектеп командасы атынан қатысқан Индира Дүйсембаева, Ұмай Сайын, Наргиза Нұрмұхан, Камила Қуатова, Фариза Ғинулла «ResQ» жобасымен жеңіске жетті. Оларға Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің толық гранты берілді.
Орал қаласындағы NIS атынан қатысқан Махамбет Өтепқали, Нұрсұлтан Зинуллин, Айдана Төлегенова, Анель Убишова, Наргиза Ерболатова «Tazalyq» жобасымен екінші орынға ие болды.
Ал мал шаруашылығы саласындағы қолайсыздықтарды шешуге бағытталған «Q-Agro» жобасын ұсынған Асылжан Абдулла, Мадина Абдулла, Дархан Аширопаға Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты тағайындалды. Олар байқаудың қола медалін еншіледі.
Сондай-ақ NIS IB оқушылары Әлішер Орынбай, Мәулет Сейітов, Айлин Нұрашева, Әділет Аусарбеков, Алиамир Құрманғазы «Agri Mo» жобасымен және Қостанай NIS оқушылары Нұрдәулет Игенов, Әмірәлі Ізбайыр, Нұрай Ержан «UnPerfect» жобасымен Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын алды.
Түрікменстан Республикасынан келген қатысушылар Ширмұрат Сапармыратов пен Ораз Аннагуллиеваға М.С. Нәрікбаев атындағы университеттің гранты берілді.
Ақтау қаласындағы NIS оқушылары «Eco clean box» және Орал Зияткерлік мектебі оқушыларының «LARVA» жобалары үшін Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінде 75 және 50 пайыздық жеңілдікпен білім алуға мүмкіндік беріліп отыр.
Мұнан бөлек байқаудың демеушісі «Ozimiz.kz» IT холдингі Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Plastikaiensis» командасына 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті.
Сонымен бірге Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «FilterAirN» және Түркістан NIS «Afeya» командаларына 50 000 теңге берілді.
Айта кетейік, Caspian Start-Up – бұл Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің авторлық жобасы. Алғаш рет 2018 жылы ұйымдастырылған шараға 144 бизнес идея ұсынылған болатын. 2019 жылы қатысушы жобалар саны 194-ке жетсе, 2021 жылы байқау халықаралық деңгейге шықты.