Тараздағы NIS оқушысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы атанды

Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Қанат Тәжіхан «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы атанды. Жас өнертапқыш ақпараттық технологиялар бағытында «Future Solar Power Plant – күн көзінен барынша энергия өндіру» жобасын ұсынып, 3 миллион теңге сыйақы еншіледі.

Жоба жасыл энергетиканы дамытуға, ресурстарды ысырап етпеуге және Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға үлес қосады.

– Баламалы энергия көздері қоршаған ортаны ластамайды және сарқылмайды. «Future Solar Power Plant» күн панельдерінен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Ақылды күн трекері мен күн панелін тазарту құрылғысын қамтитын дербес IT жүйенің және арнайы жасалған қалқымалы құрылымның көмегімен күн электр қуаты 95%-ға артты, – дейді тараздық зияткер.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты озық идеялар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған жастарға берілді. Қатысушалар «Ғылым», «Мәдениет», «Апараттық технологиялар», «Бизнес», және «Медиа» бағыттары бойынша жобаларын ұсынады. Байқау мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын өткізіледі.