Тараздағы NIS мұғалімі Shymkent Marathon-2023 жүлдегері атанды

Тараздағы Зияткерлік мектептің математика пәні мұғалімі Балауса Байдарманова Shymkent Marathon-2023 байқауының қола медалін иеленді. Педагог кәсіпқой спортшылар еңсеретін қашықтық – 42 шақырымды жүгіріп өтті.

Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан аса қазақстандық, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия және Тәжікстан елінің белсенді азаматтары қатысты.

– Бұл менің тәжірибемдегі жетінші марафон. Осыған дейін 10 километрден аспайтын қашықтықты таңдайтынмын. Shymkent Marathon-2023-ке соңғы күні тіркелгендіктен, 10 және 21 шақырымға орын болмады. 5 және 42 километр ғана қалыпты. 42 шақырымды жүгіремін деп тәуекел етіп, үшінші орынды еншіледім, – деп ұстаз өз әсерімен бөлісті.

Балауса Нұрмаханқызы жүгірумен қатар жүзумен де айналысады, жаттығу залына тұрақты барады.