Баспасөз-қызметі
Тараз және Көкшетаудағы NIS оқушылары «Samsung Innovation Campus Hackathon» стартап жобалар байқауында жүлдегер атанды
«Samsung Innovation Campus Hackathon» стартап жобалар байқауында Тараз және Көкшетау қалаларындағы NIS оқушылары екінші орынды еншілеп, «Hardware» номинациясында 1 500 000 теңге ақшалай сыйақы жеңіп алды. Байқау 1-2 шілде аралығында Astana IT университетінде өтті.
Хакатон еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ден аса оқушы мен студентті бір алаңға жинады. Тараздағы NIS оқушылары Аймер Қошмамбетов, Жангерей Бекболат, Әмірхан Айдархан және көкшетаулық зияткерлер Назерке Уйсэвханқызы, Шадияр Сегізбаева, Асылхан Қали бірігіп, «Balam» командасын құрды.
Байқау шарты бойынша NIS оқушылары 24 сағат ішінде балаларға бағдарламалауды үйрететін «Balam» атты интерактивті, бірегей жинақ жасады.
– «Balam» жинағы проблемалық ойлау, сыни ойлау және алгоритмдік ойлау дағдыларын дамытып, бағдарламалау негіздерін үйренуге мүмкіндік береді. Бұл жоба балалардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттырады деп сенеміз, – дейді Асылхан Қали.