Баспасөз-қызметі
Гарвард студенті Сезім Ертанатов: Арман бар жерде, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ
MIT мен Гарвардқа қалай түсуге болады, робототехника саласының мамандық таңдауға әсері және американдық мұнай компаниясында жұмыс тәжірибесі және өзге де тақырыптар төңірегінде Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері «SAMGAU» форумында сөз қозғады.
Alumni NIS қауымдастығының бастамасымен альма-матер қабырғасында түлектер мен оқушылар арасындағы бірегей диалог алаңы 300-ден астам қатысушының басын қосты.
Талдықорғандағы Зияткерлік мектептің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Миллат NIS-тің 2021 жылғы түлегі әрі форум спикері Әнуар Рысбек секілді ұшқыш болуды армандайды. Бүгінде Әнуар – Венгриядағы Дебрецен университетіндегі авиация факультетінің бірінші курс студенті. Өз сөзінде NIS қалыптастырған мультитаскинг, психоэмоционалды жағдайды бақылау, тайм-менеджмент сынды дағдылар жоғары оқу орнында үздік студенттердің бірі болуына көмектескенін ерекше атап өтті.
2018 жылдың түлегі Антон Моргуновтың жеке тәжірибесі оқушылар арасында айрықша қызығушылық тудырды. Ол бірден АҚШ-тың бес үздік университетіне шақырту алған. Қазіргі уақытта MIT-дің (Массачусетс технологиялық институты) төртінші курс студенті, сонымен қатар халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары және жүлдегерлерінің қазақстандық мектеп оқушылары үшін тегін онлайн сабақтар өткізетін Beyond Curriculum білім беру онлайн платформасының негізін қалаушы болып табылады:
— «SAMGAU» форумының NIS оқушылары үшін пайдасы зор екені сөзсіз. Бұл әлемдегі озық университеттерге түсудің жолдарын көрсетіп, мамандық таңдауда не нәрсеге назар аудару керектігін талқылайтын алаңға айналды. Мысалы, химик ретінде мен үшін математиканың терең құралдары химик саласына қаншалықты қажет екенін білу өте қызық болды.
Гарвард университетінің екінші курс студенті Сезім Ертанатов пайдалы кеңестермен бөлісіп, әр оқушының көкейінде орын алған «Шырмауық лигасына қалай түсуге болады?» деген сауалына жауап берді:
– Оқудағы жетістіктерім мен көшбасшылық қасиеттерім, сондай-ақ еңбекқорлығымның арқасында жоспарым жүзеге асты. Гарвардқа түсу оңай жұмыс емес, бұл – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Арман бар жерде, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ.
— NIS түлегі болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгін спикер ретінде сөз сөйлеп, тәжірибеммен бөлісудің бірегей мүмкіндігіне ие болдым. Болашақ мамандығым – дипломат, ынтымақтастық, азаматтық жауапкершілік, қазақстандық патриотизм сияқты құндылықтар менде де, мамандығымда да орын таба алатыны сөзсіз, — дейді 2021 жылдың түлегі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші курс студенті Ажар Абитаева.
Сондай-ақ зияткерлер форумның арнайы сессиясында түлектерді өздерінің ғылыми, әлеуметтік, шығармашылық және IT жобаларымен таныстырды.