Баспасөз-қызметі
NIS-те желілік ғылыми жобалар байқауы басталды
Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында ғылыми жобалар байқауының бірінші туры басталды.
Жас зерттеушілерге арналған желілік сайыс 16-20 қазан аралығында қашықтан өтеді және NIS-тің 900-ден аса оқушысы 636 жоба ұсынады.
Ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қатысушыларға отандық ғылымды жаһандық деңгейде дамытудың маңызын айқындап берді:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «XXI ғасырда мемлекеттің қуаты ғылыми-техникалық жетістіктермен өлшенеді» деп атап өткендей, адамзат баласы ғылымның қарқынды дамуына зор үлесін қосуда. Әлемде көптеген елдер ғылымға мемлекеттік тұрғыдан жүйелі қолдау көрсетіп, ғылымға аса қызығушылық білдіретін зиялы қоғам құруға барлық жағдай жасауда. Сол себепті NIS-тің басты бағыттарының бірі – ғылым.
Желілік ғылыми жобалар байқауы бес бағытта ұйымдастырылады – «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – «Казақстан – 2030» стратегиясын жүзеге асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен перспективалық туристік бағдарлары» және «Туған елге тағзым».
Оқушылардың жобаларын белгілі отандық сарапшылар мен озық жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтарының, ғылыми жаңалықтар мен заманауи технологиялар саласындағы зертханалардың ғалымдары бағалайды.
Байқаудың екінші туры 2023 жылдың 30 қазаны мен 3 қарашасы аралығында NIS Ph&M Astana базасында жаратылыстану-математикалық бағытта және NIS Ch&B Almaty базасында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша офлайн форматта өтеді.